Аптап ыстықта Алматыда жедел жәрдем шақыртуы көбейді
АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда аптап ыстық басталғалы жедел жәрдем шақыртуы көбейген.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шілденің алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту түскен. Соның 1,5 мыңға жуығы қан қысымының көтерілуіне байланысты болса, 300-ден астамы жүрек-қан тамырлары ауруларына, оның ішінде жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне байланысты болған. Сонымен қатар ми қан айналымы жедел бұзылған 50-ге жуық науқас шұғыл түрде қалалық ауруханаларға жеткізілген.
Алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, күн өтуге байланысты жедел жәрдем шақыртуы екі есе артқан.
Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстық әсіресе қарт адамдар, балалар, жүкті әйелдер және созылмалы ауруы бар науқастар үшін қауіпті.
Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы Азамат Құрманбековтің айтуынша, ыстық күндері жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін салмақ артады.
– Ауа температурасының көтерілуі қан қысымының күрт өзгеруіне, жүрек ырғағының бұзылуына және ентігуге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ инфаркт пен инсульт қаупін арттырады, – деді ол.
Басқарма мәліметінше, аптап ыстық ағзаның сусыздануына, тағамнан улануға, ішек инфекцияларына шалдығуға себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар маусымдық аллергия белгілері де күшейеді.
Сондықтан созылмалы ауруы бар адамдар дәрігердің нұсқауын бұлжытпай орындап, дәрі-дәрмегін уақытында қабылдауы керек. Сондай-ақ қан қысымы мен қандағы қант деңгейін бақылап, күннің ыстығында ұзақ жүрмей, жоспарлы дәрігер қабылдауын өткізіп алмауы қажет.
Алматыдағы емханалар созылмалы ауруы бар науқастарды бақылауда ұстап, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп келеді. Дәрігерлер денсаулық сыр берген жағдайда асқынуды күтпей, учаскелік дәрігерге дер кезінде қаралуға кеңес береді.
Мамандар сағат 11:00 мен 17:00 аралығында күннің астында ұзақ жүрмеуге шақырады. Сондай-ақ табиғи матадан тігілген жеңіл киім киіп, бас киім мен күннен қорғайтын көзілдірік таққан дұрыс.
Дәрігерлер жеткілікті мөлшерде су ішуді де ұсынады. Медициналық қарсы көрсетілімі жоқ ересек адамға тәулігіне кемінде екі литр су ішу қажет. Ал алкогольді ішімдіктерді, тәтті газдалған сусындар мен кофені тұтынуды шектеген жөн.
Егер адамның басы қатты ауырып, басы айналса, әлсіресе, жүрегі айнып, есі шатасса, дене қызуы көтерілсе немесе есінен танып қалса, оны дереу салқын жерге апарып, денесін салқындатып, суды аз-аздан ішкізіп, жедел жәрдем шақыру керек.
Еске салайық, «Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Батыстан соғатын желдің екпіні таулы өңірлерде 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.