Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аптап ыстықта жиі су ішіп, көкөністі көбірек жеген дұрыс – дәрігер

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығы кім-кімге де қиын болып тұр. Бұл күндер, әсіресе, нәрестелер мен балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, сондай-ақ жүрек-қан тамыры, тыныс алу жүйесінің ауруы, қант диабеті бар науқастар үшін өте қауіпті.

аптап ыстық
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Дәрігерлер сондықтан оларға күн шақырайып тұрған кезде далада жүрмеуге кеңес береді. Сағат 11 мен 17 аралығында мүмкіндігінше көлеңкеде немесе салқын жерде болған дұрыс деп есептейді. 

- Ауа температурасының шамадан тыс көтерілуі ағзаның жылу алмасу жүйесіне күш түсіреді. Соның салдарынан адам тез шаршайды, әлсіздік, бастың айналуы мен ауруы байқалып, жүрек қағысы жиілеуі мүмкін. Кейбір жағдайда басынан күн өтіп, естен тануы да ғажап емес. Сондықтан ыстық күндері денсаулыққа ерекше мән берген абзал. Күні бойы жеткілікті мөлшерде таза су ішіп, жеңіл әрі ашық түсті киім киген жөн. Бас киімді ұмытпау керек. Майлы әрі қорытылуы қиын тағамдарды азайтып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынуға шақырамын, - деді Қызылорда қаласындағы №3 емхананың дәрігері Нилуфар Хасанова.

Нилуфар Хасанованың жеке архивінен
Фото: Нилуфар Хасанованың жеке архивінен

Маман күн өткенін қалай білуге болатыны туралы аз-кем айтып берді. 

- Күн өткен кезде адамның дене қызуы көтеріліп, басы қатты ауырады. Жүрегі айниды, құсады, әлсірейді, басы айналады. Кейде есінен танып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда науқасты дереу көлеңкеге немесе салқын жерге апарып, киімін жеңілдетіп, су беріп, денесін салқындату қажет. Егер жағдайы жақсармаса, міндетті түрде жедел медициналық көмекке жүгіну керек, - деді ол. 

Дәрігер созылмалы сырқатқа шалдыққан жандарға дәрігер тағайындаған ем-домды үзбей қабылдап, қан қысымы мен жалпы жағдайын бақылап жүру керек екенін жеткізді. Қажет болған жағдайда емдеуші дәрігердің кеңесіне жүгінген дұрыс. Аптап ыстықтың беті қайтқанша ағзаға артық күш түсіретін жұмыстарға жоламауға кеңес берді.

- Қауіптің алдын алу әркімнің өз қолында. Әрбір адам денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын сақтаса, жаз мезгілін қауіпсіз әрі жайлы өткізе алады. Өздеріңізді ғана емес, жақындарыңызды, әсіресе, балалар мен қарттарды назардан тыс қалдырмаңыздар, - деді Нилуфар Хасанова.

Бұған дейін Қазгидромет мәлімдегендей, Қызылорда облысында жауын-шашынсыз әрі қатты ыстық ауа райы 18-19 шілдеге дейін жалғасады.