Аптап ыстықтан Франциядағы туристік нысандардың жұмыс уақыты қысқарды
АСТАНА. KAZINFORM – Францияның солтүстік-батысындағы 24 департаментте аптап ыстыққа байланысты ең жоғары – қызыл қауіп деңгейі жарияланды. Осыған байланысты Париждегі бірқатар туристік нысандар жұмыс уақытын қысқартты, деп хабарлайды Еuronews.
Эйфель мұнарасы әкімшілігінің хабарлауынша, Франция астанасындағы жоғары температураға байланысты сенбі және жексенбі күндері нысан ерекше тәртіппен сағат 16:00-де жабылады.
Сондай-ақ, Лувр музейі де дүйсенбіні қоса алғанда күн сайын сағат 16:00-де жұмысын аяқтайды. Ал Орсе музейі сенбіден сәрсенбіге дейін келушілерді сағат 17:00-ге дейін ғана қабылдайды.
Météo-France метеорологиялық қызметінің мәліметінше, елдің солтүстік-батысындағы 24 департаментте қызыл деңгейдегі ескерту енгізілген. Бұл шамамен 22 миллионнан астам тұрғынды қамтиды.
Елдің көптеген өңірінде ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтерілсе, Бургундиядан Пеи-де-ла-Луар өңіріне дейін кей жерлерде 39 градусқа жетеді деп болжануда.
Францияның қалған аумағының басым бөлігінде қызғылт сары қауіп деңгейі сақталып отыр. Ел тұрғындары 14 шілдеде атап өтілетін Бастилияны алу күні мерекесіне дайындалып жатқан кезде аптап ыстықтың әсері күшейген.
Мамандардың айтуынша, бұл – мамыр айынан бері Францияны қамтыған үшінші аптап ыстық толқыны.
Айта кетелік Франция, Бельгия және Нидерландыда аптап ыстықтан 3,7 мың адам қайтыс болған еді.