Аптап ыстықтың күшеюіне жаһандық жылынудың әсері бар ма
АСТАНА. KAZINFORM — Әлем бойынша жаһандық жылынудың әсері күшейіп келеді. Мамандардың болжамынша, биыл Қазақстанның өзінде кей өңірлерде ауа температурасы +46 градусқа дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының 1 санатты инженері Қайсар Шаяхметов хабарлады.
— Кейінгі жылдары әлемде ауа райы тосын мінез танытып келеді. Еуропаның бірқатар елінде бұрын-соңды болмаған аптап ыстық тіркеліп, кей өңірлерде орман өрті жиілесе, енді бір аймақтарда нөсер жауын мен су тасқыны күшейген.
Бұл үрдіске атмосферадағы парниктік газдардың көбеюі мен табиғи климаттық циклдердің өзгеруі әсер етіп жатыр. Әлемдегі климаттық өзгерістердің Қазақстанға да ықпалы бар, — деді спикер Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Оның айтуынша, алдағы күндері елімізде ыстық ауа райы сақталады. Алайда онкүндіктің соңына қарай температураның төмендеуі ықтимал.
— Маусымдық болжам бойынша, маусым айында оңтүстік өңірлерде температура нормадан 2 градусқа, ал солтүстікте 1 градусқа жоғары болады. Шілдеде орталық және шығыс аймақтарда ауа температурасы 1 градусқа, оңтүстікте 2 градусқа жоғарылауы мүмкін. Тамызда батыс өңірлерде температураның ауытқуы 2 градусқа, орталық өңірлерде 1 градусқа жоғары болады, — деді ол.
Температураның көтерілуімен қатар, бірқатар өңірде қауіпті метеорологиялық құбылыс күтіледі. Спикердің айтуынша, маусым айының басында Қызылорда облысында шаңды дауыл мен аптап ыстық болжанып отыр. Ал өзге өңірлерде ауа райы құбылмалы болғанымен, көрсеткіштер негізінен климаттық норма шегінде сақталады.
Айта кетейік, климаттың жылынуы әлем өзендеріндегі оттегі көлемін азайтып жатыр.