Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Аптап ыстықтың салдары: климат өзгерісі Қазақстанға қалай әсер етіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Аптап ыстық бұрын жаз мезгілінің қалыпты құбылысы саналатын. Қазір жағдай өзгерді. Климаттың өзгеруі салдарынан жоғары температура денсаулыққа ғана емес, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және экономикаға әсер ететін жаһандық қауіпке айналып отыр.

аптап ыстық
Фото: Коллаж: Kazinform / ЖИ көмегімен жасалған сурет

Соңғы жылдардағы оқиғалар мұны айқын көрсетіп келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Еуропада соңғы төрт жылда аптап ыстықтан 200 мыңнан астам адам көз жұмған. Биыл Францияда өзен суының шамадан тыс жылынуына байланысты бірнеше атом реакторының жұмысы шектелсе, Германияда жоғары температураның экономикаға тигізетін зардабы ашық талқылана бастады.

Қазақстанда да бұл өзгеріс байқалады. «Қазгидрометтің» болжамынша, алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасы +45 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Бұл қалыптан тыс ыстықтың себебі неде? Оның адам денсаулығына, экономикаға және су қауіпсіздігіне ықпалы қандай? Әлемнің бүгінгі тәжірибесі Қазақстанға қандай сабақ береді? Kazinform тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Қазақстанда климат шынымен өзгеріп жатыр ма

«Қазгидромет» РМК Климаттық зерттеулер басқармасының бастығы Нұрайлы Қожагелдинаның айтуынша, 1976 жылдан бері еліміздегі орташа жылдық ауа температурасы әр он жыл сайын шамамен 0,4 градусқа өскен.

– Бұл – жаһандық орташа көрсеткіштен жоғары. Әсіресе көктем айлары жылдам жылып келеді. Кей өңірлерде көктемгі ауа температурасы әр он жыл сайын 0,9 градусқа дейін көтерілген, – дейді маман.

Бұл өзгеріс соңғы жылдардың көрсеткішінен де анық байқалады. 2025 жыл Қазақстандағы бақылау тарихындағы ең жылы жыл болды. Орташа жылдық ауа температурасы климаттық нормадан 2,9 градусқа жоғары тіркелді. Бұған қоса, еліміздегі ең жылы он жылдың тоғызы XXI ғасырда болды.

Дегенмен биылғы аптаптың күшеюіне тек климаттың жылынуы себеп емес. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, қазір Қазақстанға Ираннан ыстық әрі құрғақ ауа келіп жатыр.

– Қазір Қазақстан аумағына Ираннан ыстық әрі құрғақ ауа келіп жатыр. Соның әсерінен еліміздің көп бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болып тұр, – дейді «Қазгидромет» РМК қысқа мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының басшысы Ардақ Кальменова.

Осылайша бүгінгі аптапқа екі фактор әсер етіп отыр. Біріншісі – Қазақстанда ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан ауа температурасының көтерілуі. Екіншісі – Ираннан келген ыстық әрі құрғақ ауа. Осы екі жағдай қатар келгендіктен, еліміздің көптеген өңірінде аптап ыстық күшейіп отыр.

Аптап ыстық ең алдымен кімдерге қауіп төндіреді

Аптап ыстық ең алдымен адам денсаулығына кері әсер етеді. Ауа температурасы көтерілген сайын ағза қалыпты жұмысын сақтау үшін көбірек күш жұмсайды. Жоғары санатты терапевт Ақмарал Аңғалиеваның айтуынша, аптаптың алғашқы белгілері көбіне ағзаның сусыздануынан басталады. Кейін күн өтуі, ыстық көтерілуі, қан қысымының ауытқуы байқалып, жүрек-қан тамырлары аурулары асқынады. Сонымен бірге бүйрек қызметі әлсіреп, созылмалы дерті қайта қозуы мүмкін.

Ақмарал Аңғалиева
Фото: Ақмарал Аңғалиеваның жеке архивінен

– Ауыр жағдайда адам есінен танып, құрысуы мүмкін. Егер уақытында медициналық көмек көрсетілмесе, бірнеше ағзаның қызметі бұзылып, өмірге қауіп төнеді, – дейді дәрігер.

Аптап ыстық әсері барлық адамға бірдей емес. Ең алдымен бес жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан адамдар, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, тыныс алу жүйесі және бүйрек аурулары бар адамдар қауіп тобына жатады. Сондай-ақ күн астында ұзақ уақыт еңбек ететін құрылысшылар, жол жөндеушілер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері, спортпен белсенді айналысатын адамдар да ерекше сақ болғаны жөн.

Дәрігердің айтуынша, климаттың жылынуына байланысты аптап күндер жиілеген сайын мұндай қауіп те күшейе түседі. Соның салдарынан ыстыққа байланысты аурулар мен өлім-жітім артуы мүмкін.

– Қазақстанда күн өтуі, ыстық өтуі және сусыздану белгілерімен медициналық көмекке жүгінгендер есепке алынады. Алайда бұл көрсеткіштер әзірге тұрақты түрде жеке статистика ретінде жарияланбайды. Сондықтан аптап ыстықтың халық денсаулығына нақты қаншалықты әсер етіп отырғанын толық бағалау қиын, – дейді ол.

Маманның айтуынша, ыстық күндері сақтық шараларын сақтау – денсаулықты қорғаудың ең тиімді жолы. Сондықтан күннің ең ыстық уақыты – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында ашық күн астында ұзақ жүрмеген жөн.

– Жеткілікті су ішіп, жеңіл әрі ашық түсті киім киген дұрыс. Әлсіздік, бас айналу, жүрек айну немесе дене қызуы көтерілсе, уақыт оздырмай медициналық көмекке жүгіну қажет, – дейді Ақмарал Аңғалиева.

Аптап ыстық экономикаға қандай қауіп төндіреді

Аптап ыстықтың әсері тек денсаулық сақтау саласымен шектелмейді. Температура ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақталса, оның салдары ауыл шаруашылығына, энергетикаға, қала инфрақұрылымына және баға тұрақтылығына әсер етеді.

Экономист Расул Рысмамбетовтің айтуынша, мәселе аптап ыстықтың өзінде емес, оның экономикаға тигізетін жанама әсерінде.

Расул Рысмамбетов
Фото: azh.kz

– Ең алдымен су тапшылығы күшейеді. Су азайса, ауыл шаруашылығы әлсірейді. Егін күйіп, жеміс-көкөніс ерте піседі. Соның салдарынан өнімнің көлемі де, сапасы да төмендейді, – дейді ол.

 Бұл жағдай нарықтағы ұсыныстың азаюына әкеліп, азық-түлік бағасының өсуіне әсер етуі мүмкін. Экономистің сөзінше, аптап ыстық инфляцияның негізгі себебі емес, бірақ оны үдететін факторлардың бірі.

Сарапшының пікірінше, жоғары температура энергетика жүйесіне де салмақ түсіреді. Ыстық күшейген сайын тұрғындар мен кәсіпорындар ауа баптағыштарды жиі қолданады. Соның нәтижесінде электр энергиясына сұраныс артып, желілерге түсетін жүктеме көбейеді.

Расул Рысмамбетов аптаптың салдарын тек климаттың өзгеруімен байланыстыру жеткіліксіз екенін айтады. Оның пікірінше, мәселені қалалардың қазіргі құрылыс үлгісі де күрделендіріп отыр. Ірі қалаларда бетон мен әйнектен салынған ғимараттар көбейіп, жасыл желек азайған. Бұған қоса, халықтың мегаполистерге шамадан тыс шоғырлануы қалалық ортаның жайлылығын төмендетіп келеді.

– Өңірлерді дамыту тек жаңа тұрғын үй салумен шектелмеуі керек. Ең алдымен жұмыс орындарын ашып, адамдардың туған жерінде жайлы өмір сүруіне жағдай жасау қажет. Сонда халық ірі қалаларға жаппай ағылмайды. Қазақстан үшін Еуропа тәжірибесінен алар үлгі көп. Ең алдымен энергетикалық қуатты арттыру, өңірлерді теңгерімді дамыту және көші-қон саясатын жетілдіру қажет, – дейді экономист.

Оның айтуынша, климаттың өзгеруі құрылыс саласына да жаңа талаптар қойып отыр. Жаңа тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды жобалағанда жылу оқшаулауы, энергия тиімділігі, көлеңкелеу шешімдері мен жасыл желек көлемі ескерілуі тиіс.

– Аптап ыстық енді уақытша құбылыс емес, қалыпты жағдайға айналды. Сондықтан қалаларды осы жағдайға бейімдеп жоспарлау қажет. Әйтпесе бетон мен әйнектен тұрғызылған ғимараттар жазда қатты қызып, тұрғындарға қолайсыздық туғызады, – дейді Расул Рысмамбетов.

Қорыта келе, аптап ыстық енді сирек кездесетін табиғи құбылыс емес. Оның салдары денсаулық сақтау, экономика, энергетика және су қауіпсіздігіне қатар әсер етіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұндай ыстық толқындары алдағы жылдары да қайталанатынын ескертеді. Сондықтан Қазақстан үшін бүгіннен бастап аптаптың салдарын азайтатын жүйелі шараларды қолға алу маңызды.