Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Әр адам еңбек заңдылығын білуі керек - Н.Иманғалиұлы, БҚО

ОРАЛ. 21 тамыз. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласына орай БҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директорының орынбасары, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Нәсіпқали Иманғалиұлы өз ой-толғамын былайша әңгімелеп берді.

Әр адам еңбек заңдылығын білуі керек - Н.Иманғалиұлы, БҚО

- Аталмыш мақалада жұмыс берушілердің әйелдерді жұмысқа қабылдағанда екі бірдей өтініш алынатыны айтылғаны мәлім, деді ол. Жалпы күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, аяғы ауыр әйелдің жұмысқа қабылдана қоюы екіталай. Көп жағдайларда кейбір мекеме-ұйымдарда, компанияларда үш жасқа дейінгі сәбиі бар әйелдердің заңды жеңілдіктері сақтала бермейтіні рас. Дегенмен, соңғы бес жыл ішіндегі тексерулер қорытындыларына сүйенсек, Батыс Қазақстанда жұмыс беруші әйел қызметкерді жұмысқа қабылдау кезінде бірден екі арыз алу, яғни жүктілігі жағдайына байланысты жұмыстан босатуға да арыз қабылдау фактісі кездескен жоқ. Алайда мемлекеттік еңбек инспекциясының тексерулері барысында жұмыс берушінің жүкті әйелдерді түнгі уақыттағы және демалыс, мереке күндеріндегі жұмысқа, үстеме жұмысқа тарту, іссапарға жіберу, сондай-ақ оларды жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері шақырып алу фактілері кездесіп отырғаны жасырын емес. Сол сияқты кейбір кәсіпорындар мен мекемелерде жүкті әйелдерге жұмыс күнінің ұзақтығы сегіз сағаттан асатын жұмыс уақытының (жұмыс ауысымының) жиынтық есебін қолдануға жол берілуде. Жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамасында қарастырылған осындай әйелдердің еңбегін реттеу ерекшеліктеріне қатысты заң бұзушылықтарын жоюға нұсқама беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылып келеді. Аталған заң бұзушылықтар кәсіпорындар мен мекемелерде, әсіресе, ауысыммен жұмыс жасайтын қызметкерлерге қатысты орын алып жатады.

- Елбасының мақаласында әлеуметтік-еңбек дауларын туындатқаны үшін құқықтық жауапкершілік жағының жеткіліксіздігі айтылды. Еңбек заңдылығының орындалмауына қатысты дау-дамай көбінесе шетелдік компанияларға қатысты туындап жатады. Бұған қатысты не айта аласыз?

-Облыс аумағында шетелдіктердің қатысуымен 85 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ газконденсат кен орнында шоғырланған. Биылғы жеті ай ішінде еңбек инспекциясымен сол компанияларға 28 тексеру өткізіліп, 53 заң бұзушылық фактісі анықталды. Осыған қатысты жалпы шамасы 509 670 теңге болатын 15 әкімшілік айыппұл салынды. Еңбек инспекциясы тарапынан еңбек даулары мен жанжалдарды реттеу, ескерту және алдын алу шаралары жүргізіліп келеді. Жыл басында Бөрлі аудандық прокуратурасы және мемлекеттік еңбек инспекциясының қатысуымен «ҚПО б.в.» компаниясының өкілдерімен Бөрлі ауданы әкімдігінде кездесу өткізілді. Онда «ҚПО б.в.» компаниясының мердігерлері қызметкерлері арасында әлеуметтік шиеленісуді болдырмаудың алдын алу шаралары туралы мәселе қаралды. Дегенмен де, облысымыздағы мұнайгаз саласы кәсіпорындарында оқтын-оқтын еңбек даулары болып жатады. Мысалы, «ҚПО б.в.» компаниясында биылғы  мамыр-маусым айларында жоспарлы тексеріс жүргізілді. Сонда компанияның 2010 жылы шетелден жұмыс күшін тарту бойынша жұмысқа келген шетелдік маман Грейсон Стефен Гэридің әлі күнге жұмыс істеп жүргенін анықтап, жағамызды ұстадық. Өйткені компания осы шетел азаматына рұқсат мерзімін ұзартуға құжаттар тапсырды. Шетелдік қызметкерге және жұмыс берушілерге шетел жұмыс күшін әкелуге рұқсат беру жөніндегі комиссия шешіміне сәйкес компанияның негіздемесінің толық болмауына байланысты рұқсат мерзімі ұзартылмады. Алайда компания пысықтық танытып, Астана қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан рұқсат алған. Бұл, әрине, заңға қайшы, компания өзі жұмыс істетйтін жергілікті жердегі құзырлы орыннан рұқсат алуы тиіс. Сонымен қатар жұмыс берушінің белгіленген ауысымдық жұмыс тәртібін және жұмысшылардың демалыс уақытын сақтамағаны, үстеме жұмыс уақытын есепке алмағаны анықталды. Компанияның кейбір басшылары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, білім-біліктілігін тексертуден өтпеген. Тексеру қорытындысы бойынша аталмыш компанияға ұйғарым беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Болашақ Атырау» ЖШС-нің филиалына биылғы маусым айында бір жұмысшының арызы бойынша жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында қызмет жасайтын бір қазақстандық пен бірнеше шетел жұмысшысының 10 еңбек шарттын іріктеп алып, олардан заңбұзушылық фактілері анықталды. Онда еңбек шарттарының мазмұны және талаптары еліміздің еңбек заңнамасына сәйкес келмеді. Жұмыс беруші сырттан тартылған шетелдік жұмыс күшін қазақстандық жұмысшылармен алмастыру бағытындағы өз міндетіне жүрдім-бардым қараған. Тексеру қорытындысы бойынша бұл компанияға да ұйғарым беріліп, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

2011-2012 жылдары облыс аумағында, соның ішінде Бөрлі ауданындағы «Тоцци Суд С.п.А.» , «МКС Мультикатеринг Казахстан Ко» компаниялары сықылды жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында жалақы бережағы және еңбекақы мөлшеріне, жұмыстан қысқартуларға, еңбек кемсітушіліктеріне қатысты орын алған еңбек даулары уақытылы қаралып, тиісті шешімін табуда. Мұндай еңбек дауларына қатысты көптеген мысал келтіруге болады. Мысалға,  «Бонатти С.п.А.» компаниясы қызметкерлеріне газ саласы қызметкерлерінің ресми күніне арналған айлық жалақының 50 пайызы мөлшеріндегі сыйақы төлеуден бас тартқан. Мұндай жағдай «МКС Мультикатеринг Казахстан Ко» компаниясында да орын алды. Екі жағдай да еңбек инспекциясының араласуымен жұмысшылардың пайдасына шешілді.

- Елбасының мақаласында ЖОО-ны бітірген жастарды «сынақтан өтуші» ретінде жұмысқа алып, еңбегін қанау фактілерінің жиі кездесетіні, еңбек инспекциясының еңбек заңдылығын осылай бұзудың бірде-бір фактісін аша алмай отырғаны айтылды. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

-Өкініштісі, бізге «еңбегім қаналды» деп шағым айтып келетін жастар жоқ. Өйткені олар жұмысқа тұрар алдында жұмыс берушімен заңды түрде еңбек шартын жасамай, ауызша түрде келіседі. Көбісі «Байқап көр, жұмысты алып кетсең, қызметке қабылдаймыз» деген қызыл сөзге малданып, артынан бармақ тістеп қалады. Опық жеген жас маман еңбек инспекциясына арыз түсірмесе, жұмыс берушімен жұмысқа қабылданушы ретінде еңбек шартын жасамаса, істің оң шешілуі қиын. Шындығын айтсақ, мұндай сүреңсіз мысал облысымызда да болған сықылды. Екінші деңгейлі банктердің филиалдары жас мамандарды заңды сынақ мерзіміне ала отырып, ақысын төлемегені жөнінде естідік. Алайда «ҚР Мемлекеттік бақылау және қадағалау жөніндегі» Заңға сәйкес азаматтардан жазбаша түрде арыз-өтініштер болмаған жерде, мемлекеттік еңбек инспекциясы ешқандай тексеріс жүргізе алмайды.

ҚР Еңбек кодекісінің 36-бабының 5-тармағына сәйкес жоғары, орта оқу орнын бітірген түлек жұмысқа қабылданғанда, сынақ мерзімі белгіленбейді. Бірақ, іс жүзінде жұмыс берушілер осы баптың талаптарын орындауда олқылықтар жіберіп алатыны сөзсіз. Сынақ мерзімі тек оқу орнын аяқтағанына бір жылдан астам уақыт толған мамандарға ғана болады. Жұмыс беруші үш ай сынақ мерзімімен қызметке орналасқан маманға ол әлдебір себептермен жұмысқа қабылданбаған жағдайда заңды сынақ мерзімі аяқталатын күннен 7 күн бұрын нендей себеппен жұмыста қалмағандығы жөнінде хабарлауға міндетті. Егер де үш ай мерзім толықтай өтіп кетсе,онда маман жұмысқа қабылданған болып саналады. Дұрысы, жұмысқа қабылданған әрбір адам еңбек заңдылығынан хабардар болуы тиіс. Өзі үшін.