Әр ағзаның артында – бір тағдыр: трансплантация жүйесі қалай жұмыс істейді
Қазақстанда донорлық ағзаға мұқтаж 4 739 адам трансплантация кезегінде тұр. Оның 125-і – балалар. Елде трансплантация жүйесі біртіндеп дамып келе жатқанымен, мәйіттік донорлықтың үлесі әлі де төмен. Сондықтан көптеген пациент ағзаны бірнеше жыл күтуге мәжбүр.
Анарға өмір сыйлаған трансплантация
Төрт жыл бұрын Анар да дәл осы кезекте тұрған еді.
— Осыдан төрт жыл бұрын бүйрегіме трансплантация жасалмағанда, қазір сізбен сөйлесіп отырмас едім, — деп бастады әңгімесін Анар Шаймергенова.
Оның денсаулығы бала кезінен сыр бере бастаған. Ангина асқынып, мұның салдары бүйрегіне әсер еткен. Жасөспірім шағында дәрігерлер болашақта бүйрек трансплантациясы қажет болуы мүмкін екенін ескертеді. Сөйтіп жылдар өте келе екі бүйрегі де істен шығып, гемодиализге тәуелді болады. Содан кейін төрт жыл бойы донорлық ағза кезегін күтеді.
— Күту оңай емес. Дәрігерлер де тезірек ота жасау қажеттігін айтып жүрді. Алайда донор табылмай, біраз жүріп қалдық. Расында да сол кездері өліп қалуым әбден мүмкін еді. Бірақ төрт жылдан кейін мәйіттік донор табылып, аман қалдым. Ол кезде қызым 7 жаста, 1 сыныпқа енді барған. Қызымды қатты уайымдадым, ол менен басқа кімге керек? Сөйтіп дәрігерлердің барлық айтқанын істеуге тырыстым, қажет емнің бәрін уақытылы алдым. Сол кезде бүйрегімді ауыстырмағанда, сізбен сөйлесіп отырмас па едім, кім білген, — деді Анар жымиып.
2022 жылы Анарға мәйіттік донордың бүйрегі трансплантацияланды. Осыдан кейін ол гемодиализге тәуелділіктен құтылып, қалыпты өміріне қайта оралды. Бүгінде қызын тәрбиелеп, жұмыс істеп жүр. Онымен қоса әлеуметтік желіде донорлық тақырыбын тұрақты түрде көтеріп, өз тәжірибесі арқылы қоғамның донорлыққа қатысты көзқарасын өзгертуге күш салып келеді.
— Пациенттің өз аузынан естігенде адамдар көбірек сенеді. Сондықтан басымнан өткеннің бәрін ашық айтам. Бізде трансплантацияны өте жоғары деңгейде жасайды. Дәрігер де, құрал-жабдық та жеткілікті. Бірақ бір мәселе бар — донор жетіспейді. Сондықтан адамдарға донорлық туралы дұрыс ақпарат жеткізу керек, — дейді ол.
Анар Шаймергенованың сөзінше, донорлық туралы ақпараттың көбірек жазылуы, көбірек таралуы қоғамдағы көптеген күмәнді сейілтуге көмектеседі.
— Біз адамдарға тек дұрыс ақпарат жеткенін қалаймыз. Көпшілік донорлыққа қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелерге сенеді. Ал шын мәнінде бәрі ашық әрі қатаң бақылаумен жүргізіледі. Бір трансплантацияның өзіне жүзден астам маман қатысады. Қазақстанда оған қажетті мүмкіндік те, тәжірибе де бар. Сондықтан адамдар бұл мәселені нақты ақпаратқа сүйеніп бағаласа деймін. Ал өзімнің жағдайыма келсем, денсаулығым жаман емес, ең бастысы — тірімін, — деп аяқтады сөзін.
Операцияның 83 пайызы тірі донордан жасалған
Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мәліметінше, өткен жылы күту тізіміндегі 354 пациент қайтыс болып, осыған байланысты тізімнен шығарылған. Ал биылғы алты айдың қорытындысы бойынша тағы 154 пациент көз жұмған.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайдың басты себептерінің бірі — мәйіттік донорлардың аздығы. Соның салдарынан көптеген пациент өзіне сәйкес келетін ағзаны жылдап күтеді. Бүгінде Қазақстанда жасалған трансплантациялардың басым бөлігі тірі донорлардың көмегімен жүзеге асырылады. Ал мәйіттік донорлардың үлесі небәрі 17 пайызды құрайды.
— Қазақстанда 2012 жылдан бері жасалған 3270 ағза трансплантациясының 2678-і немесе 83 пайызы тірі донордан, 545-і немесе 17 пайызы мәйіттік донордан алынған ағзалар арқылы жүргізілді. Бүйрек трансплантациясының 239-ы, бауыр трансплантациясының 84-і мәйіттік донорлардың көмегімен жүзеге асырылды, — деді трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситказинов.
2024 жылы 260, 2025 жылы 310 трансплантация жасалған. Ал 2026 жылдың 6 айындағы көрсеткіш бойынша, 151 операцияны құраған.
Сондай-ақ орталық мәліметінше, ағзалары трансплантацияға алынған қайтыс болған донорлар саны 2024 жылғы 6-дан 2025 жылы 18-ге дейін өскен.
Қазақстандағы трансплантация тарихы
Осы тұста, Қазақстандағы трансплантация тарихына көз жүгіртсек, оның тарихы әріден басталатынын байқаймыз. Елімізде алғашқы бүйрек трансплантациясы 1979 жылы жасалған. 1991 жылы балаға алғаш рет бүйрек ауыстырылды.
Ал 2012 жылы мәйіттік донордан жүрек, 2013 жылы бауыр трансплантациясы жасалып, сол жылы бір донордан бірнеше ағзаны алу тәжірибесі басталды.
Осылайша, Қазақстанда заманауи трансплантация саласы жолға қойылған 2012 жылдан бері 3 270 ағза трансплантациясы жасалды.
— Елімізде соңғы үлгідегі трансплантация жолға қойылғаннан бері 3 270 ағза трансплантациясы жасалды. Оның ішінде 2 413 бүйрек, 636 бауыр, 118 жүрек, 28 өкпе, 73 көздің қасаң қабығы және 2 ұйқы безі трансплантациясы бар, — дейді Айдар Ситказинов.
Трансплантация жұмысы қалай ұйымдастырылады
Жалпы трансплантация — тек бірнеше сағатқа созылатын операция емес. Оның алдында донорды анықтаудан бастап ағзаны жеткізуге дейінгі көптеген кезеңнен тұратын, сырт көзге байқала бермейтін үлкен жұмыс жүреді. «University Medical Center» корпоративтік қоры медициналық және реттеуші мәселелер департаментінің бас менеджері, трансплантация жөніндегі үйлестіруші Сәуле Шайсұлтанованың айтуынша, трансплантация — ондаған маманның бірлескен жұмысын қажет ететін күрделі процесс. Донор анықталған сәттен бастап барлық кезеңді трансплантация жөніндегі үйлестірушілер ұйымдастырады.
— Алдымен донорлық стационарда пациентке ми өлімі диагнозы қойылады. Кейін азаматтың eGov порталында мәйіттік донорлыққа қатысты ұстанымы тексеріледі. Егер келісімі не бас тартуы тіркелмесе, донордың туыстарымен сөйлесіп, олардың келісімі алынады. Одан кейін ақпарат трансплантация орталықтарына жолданып, мамандар донор ағзаларының жарамдылығын бағалайды, қосымша зертханалық тексерулер жүргізеді. Ағзалар трансплантацияға жарамды деп танылғаннан кейін ғана хирургиялық бригада донорлық стационарға барып, оларды алып, реципиентке жеткізуді ұйымдастырады, — деді ол.
Оның айтуынша, донорлар еліміздің кез келген өңірінде болуы мүмкін. Сондықтан үйлестірушілер ағзаларды өңірлер арасында тасымалдау жұмыстарын да ұйымдастырады. Бұл ретте әр ағзаның ағзадан тыс сақталу уақыты қатаң ескеріледі.
— Мысалы, донорлық жүрек төрт сағат ішінде реципиентке трансплантациялануы тиіс. Осы мәселені реттеу үшін қазақстандық дәрігерлер донорлық ағзаларды алыс қашықтыққа тасымалдауға арналған жаңа жүйені әзірлеп жатыр. Қазір ол клиникаға дейінгі зерттеу кезеңінен өту үстінде, — деді трансплантация жөніндегі үйлестіруші.
Ал әзірге қазақстандық дәрігерлер донорлық ағзаны өңірлер арасында тасымалдауды американдық жүйе арқылы жүзеге асырып отыр. Спикердің сөзінше, оның бағасы қымбат.Сондықтан да дәрігерлер отандық жүйені әзірлеуді қолға алған.
— Болашақта осы технологияның арқасында донорлық ағзаларды анағұрлым ұзақ уақыт сақтап, ұзақ қашықтыққа жеткізу мүмкіндігі артады. Бұл еліміздің әртүрлі өңірлерінде трансплантацияны ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік береді, — деді Сәуле Шайсұлтанова.
Трансплантация инфрақұрылымы қалай дамып жатыр
Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының мәліметінше, 2024 жылы елде 7 трансплантация орталығы жұмыс істесе, 2026 жылы олардың саны 11-ге жеткен. Қазіргі жүйеге 40-тан астам донорлық ұйым, 5 HLA-зертхана, санитариялық авиация қызметі, 3 республикалық, 20 өңірлік және 30 стационарлық трансплант-үйлестіруші кіреді.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда трансплантация орталықтары тек Астана мен Алматыда ғана емес, өңірлерде де нысандарды дамыту қолға алынған.
— Мәселен, Қызылордада бұл бағыт белсенді дамып жатыр. Шымкентте екі трансплантация орталығы бар. Түркістан облыстық ауруханасы да осы бағытта жұмыс істейді. Алматыда қалалық кардиохирургия орталығы мен Кардиология және ішкі аурулар институтында жүрек трансплантациясы жасала бастады. Сондықтан трансплантация орталықтарының саны артып келеді, — деді Айдар Ситказинов.
Оның айтуынша, қазіргі мақсат — Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен өңірлік кластерлер құру.
— Алдағы уақытта өңірлік кластерлер құру жоспарланып отыр. Соған сәйкес Семей шығыс өңіріне, Ақтөбе батыс өңіріне қызмет көрсететін орталықтарға айналмақ, — деді ол.
Донорлыққа қатысты шешімді eGov арқылы тіркеуге болады
Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтар қайтыс болғаннан кейін ағзаларын алуға келісетінін немесе қарсы екенін алдын ала тіркей алады. Мұны емханаға тікелей барып немесе электронды үкімет порталы арқылы жасауға болады.
— Мәйіттік донор ретінде 18 жастан асқан, ми қызметінің өлімі диагнозы қойылған адам ғана қарастырылады. Алайда адам тірі кезінде немесе ол қайтыс болғаннан кейін жақын туыстары ағзаларды алуға қарсы екенін білдірсе, трансплантация жасауға рұқсат берілмейді, — деді Айдар Ситказинов.
eGov мәліметтері бойынша, донорлыққа қатысты шешімін тіркегендер саны жыл сайын өсіп келеді. Оның ішінде қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім бергендер саны да айтарлықтар артқа. Мәселен, 2023 жылы 4 991 адам болса, 2026 жылы келісім бергендер саны 16 109-ға жеткен.
Шетелдік тәжірибе енгізіліп жатыр
Қазақстан донорлық және трансплантация жүйесін дамыту үшін Испания, Беларусь және Түркиямен меморандумдар жасасқан. Испаниямен бірге қан айналымы тоқтағаннан кейінгі донорлық технологиясын енгізу, Беларусьпен қазақстандық мамандарды оқыту көзделген.
— Сондай-ақ Швейцария, Оңтүстік Корея, Катар және Біріккен Араб Әмірліктерімен ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаластық бар. Қазақстандық трансплант-үйлестірушілер, хирургтер мен офтальмологтар шетелдік орталықтарда білімін жетілдіріп жатыр, — деді трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының басшысы.
Халықтың сенімін арттыруға басымдық беріліп отыр
Трансплантация саласын дамыту тек медициналық инфрақұрылыммен шектелмейді. Орталық халыққа мәйіттік донорлықтың тәртібін түсіндіру, жүйенің ашықтығын арттыру және қоғамның сенімін қалыптастыру бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр.
— Осы мақсатта деректі фильм, әлеуметтік және анимациялық бейнероликтер әзірленді. Діни басқарма өкілдерімен кездесулер өткізіліп, мәйіттік донорлықтың діни қырлары да талқыланды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін арнайы лекциялар ұйымдастырылып, жоғары оқу орындарында студенттермен кездесулер өткізілді, — деді Айдар Ситказинов.
Сонымен қатар «Өмір сыйы», «Өмір тынысы», «Сенім» және «Новое дыхание» қоғамдық ұйымдарымен ынтымақтастық орнатылған. Өңірлерде трансплантация мәселелеріне арналған қоғамдық кеңестердің отырыстары өтіп тұрады.