Әр бала өзінің қоңырауы соғылғанын күтеді - онколог

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне жүгінсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 300 адам сүйек кемігі трансплантациясына мұқтаж болады. Оның тең жартысы - балалар. Бұл дертке қатысты донор тапшылығы да бар. Ұлттық тізілімде 12 мың донор тіркелгенімен, науқастарға сәйкес келіп жататыны аз. Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі «University Medical Center» корпоративтік қорында жұмыс істейтін онколог-дәрігер Арайлым Сұлтанмен сұқбаттасып, балаларды сүйек кемігінен емдеу мәселесі жөнінде әңгіме қозғады.

балалар
Фото: Арайлым Сұлтанның жеке мұрағатынан

- Жалпы, сіз сүйек кемігінің трансплантациясына мұқтаж балаларға ем жүргізесіз. Аталған дертпен ауыратын балалар қазір көбейіп келе ме, жыл сайын қанша бүлдіршін ем алады? 

- Қазір Қазақстанда балаларға сүйек кемігі трансплантациясын жасайтын 2 орталық бар. Бірі - Астанада, екіншісі Алматы қаласында орналасқан. Біз жұмыс істейтін Астанадағы орталықта 2012 жылдан бері 245 ота жасалды. Сонда жыл сайын шамамен 20-ға жуық балаға трансплантация жүргізіліп келген деп болжауға болады. Бұл орта есеппен қарағандағы көрсеткіш, науқастардың саны кей жылдары көбірек болуы мүмкін. Жыл сайын осы емге мұқтаж болып отырған балалар саны өсіп жатқаны байқалады. Мәселен, 2023 жылы біз 40-тан аса трансплатация жасадық. Бұл өте күрделі емнің түрі екенін ескерсек, жұмысымыз жақсы атқарылып жатыр деп бағалауға болады.

Арайлым Сұлтан
Фото: Арайлым Сұлтанның жеке мұрағатынан

- Бұл тақырып қозғалғанда донор тапшылығы жиі айтылады. Сонда мәселе көбіне науқастарға қанның сәйкес келмеуіне байланысты ма? 

- Қазір елде сүйек кемігі донорларының тапшылығы барын жасырмаймыз. Бірақ осыған қарамастан өзімізде бар тізімнен табылған донорлардан трансплантация жасап жатырмыз. Донорлардың ішінде әскери жұмыс атқарып жатқан адамдар да болды. Көп жағдайда адамдар сүйек кемігіне донор болуды дұрыс түсінбей жатады. Соның салдарынан донор болуға көбі рұқсат бермейді. Біз балаларға трансплантация жасайтын кезде сол отбасыдағы басқа балалардың қанын донорлыққа аламыз. Осы жағдай қуанышымызға орай пайдасын беріп отыр.

- Кей жағдайда дәрігерлер донор табылған күннің өзінде науқастың оңалып кетуі қиындау екенін, трансплантациядан кейін де қиындықтар күтетінін айтып жатады. Бұл рас па?

- Әрине, әртүрлі жағдайлар бар. Мәселе аурудың түріне байланысты, кейде трансплантация сәтті өткенімен, дерт қайтадан өршиді. Осындай күрделі кезде емнің басқа да түрлері қолданылады. Айта кететін жайт, трансплантацияның да асқыну фактісі бар. Тек қана біздің елде емес, өзге мемлекеттерде де осындай жағдайлар тіркелуде.

- Енді себебіне ойыссақ, балалардың аталған ауруға шалдығуына не нәрселер түрткі болуда?

- Мамандар толық себебін білсе, бәлкім бұл дерт болмайтын да еді. Қанның қатерлі ісігімен ауырған балалар бұрын да бар болатын, тек ол кезде диагностика дамымады, анықталмағаннан соң проблема жоқтай көрінді. Қазір медицинаның дамуы арқылы тез табылуда. Сондықтан дертке ұшыраған балалар бұрынғыдан көп, нақты себебі осы деп топшылай алмаймыз.

- Бірнеше жыл бұрын қанның қатерлі ісігіне шалдыққандарды емдейтін дәрігерлер санаулы ғана екені айтылатын. Қазір сала жақсы дамыды дей аласыз ба?

- Дәрігерлер қазір де жеткеліксіз екенін айтайық. Бұның басты себебі - жұмыс қиын, эмоционалды тұрғыда мамандарға жүк салады. Күні-түні жұмыста отыру өте қиын. Мысалы, дертке шалдығып, емдеуде жатқан балалардың жағдайы аяқ асты нашарлайды. Сондықтан ұйқысыз жүретін күндер көп. Ересектерге қарағанда балалармен жұмыс істеу өте қиын. Қандай жағдай өткеріп жатқанын түсіндіре алмайсыз. Бұған қоса, ата-аналарымен көп жұмыс істеу керек. Кейбірі түсіністік танытса, басқалары шыдамсыздық көрсетіп, ем процесіне кедергі келтіреді. Шаршаған кездеріміз болды, бірақ әкем жиі ескертетін: «өзің осы мамандықты таңдадың ба, қоғаммен жұмыс істегенде мейірімді бол» дейтін.

- Бізді таңғалдырғаны, сіздер аурудан айыққан балаларды марапаттап, керемет қошеметпен шығарып салады екенсіздер. Бұл үрдіс қашаннан бері қалыптасты? Ем процесінде моральдық қолдау расында маңызды рөл ойнай ма?

- Дертін жеңіп шыққан балаларды біз чемпион деп атаймыз. Өйткені ауыр дертті өткеруде баланың моральдық тұрғыда мықты болуы маңызды. Олар сол атаққа лайықты. Басқаша айтсақ, бұл - бәріміздің ортақ нәтижеміз. Емделіп шыққан балаларды қошеметпен шығарып салатын дәстүріміз қазір танымал. Әлеуметтік желілерде таралып, көп адамның мейірімін оятатын көрініс болып жатыр. Әр бала өзінің қоңырауын қатты күтеді. Қоңырау соғылған кез - науқас баланың жазылып шыққанын хабарлау. Бұл кезде кей балалар жақсы киініп, әшекей тағып алып жатады. Осы көріністі көргенде көз жасыңды жасыра алмай қаласың. Оны басқа балалар да көреді, содан «мен де жазылып шығамын» деп мақсат қояды. Ата-аналар бір-бірін құттықтап, тілегін айтып жатады.

онколог
Фото: Арайлым Сұлтанның жеке мұрағатынан

- Жасыратыны жоқ, көбіне қоғам дәрігерлерді адамдардың қиналғанына алаңдамайтын, «еті үйреніп» кеткен жан ретінде санайды. Алайда жұмыстарыңызда эмоция өте көп болатын шығар? Сондай сәттердің бірін айтып бере аласыз ба?

- Менің ойымша, дәрігер болу адамның өз таңдауы. Ауырған адам тек мәжбүр болғаны үшін келеді. Сондықтан түсіністік керек. Дәрігердің шаршап жүргеніне немесе жалақысының аз болғанына науқас кінәлі емес. Бастысы, көмегіңді аяма, құтқарып қалуға тырыс. Шынын айтайын, басқа мемлекеттерде жұмыс істегім келген кездер болды. Медицинадан басқа салаға кеткім келді де. Бірақ бір бала жазылған кезде ойыңның уақытша әсермен болғанын түсінесің. Ата-аналар балаларының суреттерін жіберіп отырады. Кезінде нашар жағдаймен келіп, кейін жазылып, қазір отбасында ойнап-күліп жүрген балаларды көруден басқа не арман бар!? Қазір біз осы дертпен ауыратын балалар үшін «Қазақстандық балалар онкологтары мен гематологтары» қоғамын аштық. Бұл ұйым келешекте көп өзгерістерге әкелетініне сенеміз.