Әр қазақстандық жылына 212 данасын жейді: жұмыртқаға қатысты статистикалық деректер жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Бір жылда Қазақстанда бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы орта есеппен 13,8%-ға артқан. Аталған өнім құны әр өңірде әртүрлі деңгейде. Ең қымбаты Алматыда болса, ал ең арзаны Қызылордада тіркеліп отыр. Бұл жөнінде Kazinform агенттігі Ranking.kz деректеріне сілтеме жасап хабарлайды.
Республиканың ірі қалалары арасында бірінші санаттағы жұмыртқаның ең жоғары орташа бағасы Алматыда тіркелді, яғни он данасы – 689 теңге. Ең төмен баға Қызылордада (464 теңге). Осылайша, ең жоғары және ең төмен баға арасындағы айырмашылық – 225 теңге (шамамен 49%).
Сарапшылардың мәліметіне жүгінсек, 22 шілдедегі жағдай бойынша, елде бірінші санаттағы он дана жұмыртқаның орташа бағасы 564 теңге болған.
Жұмыртқа құны ең қымбат қалалардың алғашқы үштігіне Алматыдан соң Талдықорған (663 теңге) мен Қонаев (648 теңге) енді. Сонымен қатар, республика бойынша орташа бағадан жоғары көрсеткіштер Жезқазғанда (597 теңге) және Астанада (566 теңге) екені анықталды.
Керісінше, ең қолжетімді жұмыртқа, жоғарыда жазғанымыздай, Қызылордада (он данасы – 464 теңге). Тізімде одан кейін Орал (471 теңге), Ақтөбе (484 теңге), Атырау (488 теңге) және Тараз (499 теңге) тұр.
Жалпы, өткен жылдан бері бірінші санаттағы жұмыртқа бағасы орта есеппен 13,8%-ға жоғарылады. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға өсімінен 2,5%-ға артық.
Ең жоғары баға өсімі Талдықорғанда тіркелді, онда жұмыртқа 27,9%-ға қымбаттаған. Одан кейін Атырау (23,5%), Семей (23,4%), Қостанай (21,7%), Петропавл (21,7%) және Өскемен (21,2%) тізімге кірді.
Орташа көрсеткіштен жоғары өсім байқалған қалалар арасында Түркістан (19%), Жезқазған (18,9%), Алматы (18,6%), Павлодар (16,7%), Қонаев (14,6%) және Орал (14,2%) бар.
Ең төмен баға өсімі Астанада тіркелді, елордада жұмыртқа небәрі 2,9%-ға қымбаттаған. Сондай-ақ, аталған көрсеткіш мына қалаларда да басқа шаһарларға қарағанда салыстырмалы түрде баяу өскен: Шымкентте (4,3%), Қызылордада (4,8%), Тараз бен Қарағандыда (8,1%), Ақтөбеде (11,8%), Көкшетауда (12,4%) және Ақтауда (13,7%).
2025 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда жан басына шаққандағы жұмыртқа жеу көрсеткіші орта есеппен 212 дана болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 2,9%-ға артық. Аталған өнімді ең көп Қарағанды облысының тұрғындары жейді екен (бір адамға жылына 320 данадан келеді). Ал ең төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында байқалды. Мұнайлы өлкеде әр кісі жылына орта есеппен 144 жұмыртқа жейді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тәулігіне 1 миллион жұмыртқаны терең өңдейтін кәсіпорын салынатынын жазғанбыз.