Әр театрдың өз тұлғалары бар, бірақ оларды дәріптейтіндер аз болып тұр - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б. Қожа

АТЫ. 13 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл күздің бас кезінде Алматыда театр қайраткерлерінің халықаралық форумы болды. Оған қатысушылар театр өнерін ұлттық идеяның өзегіне айналдыруға талпынуға уәделесіп, тарқасқан болатын. Біз осыған орай еліміздегі театрлардың тыныс-тіршілігі туралы ой-пікірін білу үшін

Әр  театрдың өз  тұлғалары бар, бірақ оларды  дәріптейтіндер аз болып тұр -  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б. Қожа

Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Қожаны әңгімеге тартқан едік.

- Қазір театрда тұлға қалыптастыру үрдісі қалай жүріп жатыр?

- Театрдағы үлкен тұлға деп Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сияқты аға буын өкілдерін айтамыз. Олардың қатарына бүгін ортамызда жүрген Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев сынды алдыңғы буынды да қосуға болады. Олардың әрқайсысы да өз алдына үлкен-үлкен мектеп қалыптастырып, қайраткерлік деңгейге көтерілген тұлғалар. Ал олардың қайраткерлік деңгейін әрине, сахнадағы образдары жасады. Жалпы кез-келген актердің мықты тұлға екенін оның өнердегі қомақты рөлдері көрсетеді. Мәселен " Қан мен тер", "Ана - жер ана", "Ғасырдан да ұзақ күн" деген туындыларда актер кішкентай рөл ойнағанның өзінде де тұлға боп шыға келеді. Қазір мұндай дүниелер жоқтың қасы. Бұл үшін мен драматургтарға да, режиссерлерге де ренжімеймін. Біз қазақ актерлары өте жұмсақпыз, пластилин сияқты илеуге оңай көнеміз. Сахнада кез-келген шығарманы ойнай береміз. Бірақ "Қарагөз", "Еңлік-Кебек" сияқты классикалық қойылымдарда бізге дейін-ақ тұлғалар тізбегі жасалынды. Олардан асырып ойнау қазір мүмкін емес. Әрине басқаша да ойнауға болады.

- Бірақ қазіргі жас актерлар тетрда әлі күнге дейін басқаша ойнай алмай жүрген сияқты. Былайша айтқанда өз образын таба алмаған тәрізді. Бұл туралы Сіздің ойыңыз қандай?

- Қазір өткен ғасырда театр сахналанған көптеген қойылымдар қайта қойылып жатыр. Жалпы әрбір актер өзінше бір тұлға. Әр театрдың өз тұлғалары бар, бірақ соларды дәріптейтіндер аз болып жүр. Өзің тілге тиек етіп отырған ағаларымыз бен апаларымыздың кезінде телевидение болған жоқ. Бір кішкене образ жасаса да бүкіл мерзімді басылымдар соларды жазды, дәріптеді. Мысалы, қазір актердің шығармашылығын әрдайым қадағалап отыратындар жоқ десе де болады. Мәселен, менің өзім театрда қаншама образ жасадым. Солардың бірі У. Шекспирдің әйгілі "Гамлет" трагедиясындағы Гамлет. Осы уақытқа дейін «бұл рөлге қалай дайындалдыңыз, қалай алып шықтыңыз?» деп бірде-бір қазақ басылымының журналисі келіп, кереметтей бір сұхбат жасаған жоқ. Бізде сын бар да, алайда бір актерді алып, «образды қалай ашты?» деп жан-жақты талдап жазатын сыншы жоқ, Осылай театрдың, актердің жетістігі мен кемшілігін және шеберлік деңгейін көрсету арқылы өнердің бұл саласының дамуына түрткі жасауға болады.

- Театр актерларының барлық рөлдерде жарқырап көрінуі мүмкін емес шығар. Белгілі бір рөлде ғана жарқырап шығып, басқа кезде ашыла алмай жататын әріптестеріңіздің көп болуы неліктен?

- Әрбір спектакльде тұлға жасау, рөл жасау шынында да мүмкін емес. Біз де пендеміз ғой. Кейбір рөлдер жанбасыңа келеді. Ой шіркін-ай, ондайда жан-тәніңмен беріліп, терлеп-тепшіп ойнайсың. Ал енді бір рөлдерді кәсіби тұрғыдан ғана ойнайсың.

- Осыдан болса керек, кейде режиссерлардың актерларға көңілдері толмай, «ізденбейді, өз білімін өсіруге жеткілікті деңгейде көңіл бөлмейді» деп сынап жататынын естіп қаламыз...

- Бәрін бір сарынға, қалыпқа салуға болмайды. Мен оқымайды, білімсіз деген сөзге қарсымын. Қазір театрда жұмыс жасайтындардың бәрі жоғары білімді мамандар. Тек кейбіреуінің ойнаған рөлдері оң жамбасына келмеуі мүмкін. Оны шығара алмаса білімсіз деп айтуға бола ма? Мысалы Бабышкин кезінде Чапаевты шығарды. Кеңес үкіметінің кезінде осы рөлі үшін дәріптелді. Басқа рөлдер шығара алмағаны үшін оны ешкім де айыптай алмайды. Актердің өз қабілет-қарымын ашуы рөлге тығыз байланысты. Мысалы Сәбира Майқанова "Ана - жер ана" мен "Келіндер көтерлісінде" жарқырап шықты. Қарасаңыз біреуі трагедия, екіншісі комедия. Біз де оң жамбасымызға келсе ашылып ойнап, басқа кезде кібіртіктеп қаламыз.

- Қандай да бір рөлдерді ойнаған кезде әріптес таңдайсыз ба?

- Жоқ. Өйткені театрда әр қойлымда бір емес, екі-үш құрам болады. Әрбір актермен әртүрлі құрамда ойнауың мүмкін. Әрине, арқам қозып, рөлге беріліп, бірге ойнайтын әріптестерім бар. Олардың қатарында Данагүл Темірсұлтанова, Азат Сейтметов бар. Ойпырмай, қандай актерлер десеңші! Сенің жетпей тұрған нәрсеңді асырып жібереді ғой. Сұмдық керемет!.

- Театрдағы буын алмасу үрдісі туралы өз ойыңыз қалай?

- Біз де кеше келген актерлерге, «айналайын бері келш, сөйлеп жатқанда ана жерде «с», мына жерде «р» деген әрпің жоғалып жатыр, сен алдымен асықпай ойланып ал, содан соң сөйле, сахнада жасанды дауыс керек емес» деп ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Мен өз басым ондайды жібермеймін. Өйткені бұл менің театрым ғой. Олар біздің ізімізді басып келе жатқан ұрпақ қой. Сондықтан бізді аға буын қалай үйретті, біз де оларға солай үйретіп жатырмыз.

- Қазір театрда өз ойын толық жеткізе білмейтін, қазақ тілінде сұхбат бере алмайтын актерлар бар. Бұл жөнінде не айтасыз?

- Дұрыс айтасыз. Ондайлар арамызда аз емес. Бірақ олардың «іші мықты» болса қайтесіз?. Оларды үйретуге болады. Неге дейсің ғой? Өйткені бұл өз басымнан өткен жағдай. Мен орыс мектебін бітіргем, тілім шорқақтау болатын. Екі жыл оқуға түсе алмадым. Содан кейін Мұхтар Әуезовтің "Абай жолын" алып, дауыстап оқыдым. Оны әр жерде айтып, жазып та жүрмін. Мен өзімді-өзім оқыттым, тәрбиеледім. Сосын Оразхан Кенебаев ағамыз бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін айтты.

- Жоғары оқу орнын бітіріп келген қазіргі жас мамандардың кәсіби біліктілігіне қандай баға бересіз?

-Мен мұғалімдік жасап көрдім. Шынымды айтайын, білім беру жағынан ақсап жатырмыз. Біз баяғы ескі сүрлеумен келе жатырмыз. Қазір жаңа өмір басталды. Жаңа пішін керек. Мұғалімдерге біз емес, студенттердің өздері талап қойғанда әңгіме басқаша болар ма еді. Өнер академиясында кинорежиссура мамандығын меңгеріп жатқан төртінші курс студенттеріне дәріс бердім. «Ертең қалай режиссер боласыңдар, қалай кино түсіресіңдер, режиссурадағы әліппені де білмейсіңдер» ғой дедім. Өте қатты қынжылып кеттім. Бұл жамандағаным емес, жас мамандарға қойылатын талап төмендеп кетті. Бір ақылды адам "адам болу кәсіпке жатпайды" деген екен. Бізде барлық салада да адасып жүрген адамдар көп. Кәсіби тұрғыдан төмен болса да «ойбай ол жақсы адам ғой, ортамызда жүре берсін» дейміз. Осыдан құтылсақ, маман даярлау кезінде білім беру деңгейін жоғарылатсақ, мәдениетімізді өсірсек, онда әкеге, көкеге, ағаға сену артта қалар еді. Әзірге оны ортамыздан аластай алмай жүрміз. Дегенмен болашақ жастардың өз қолында ғой, әрдайым ертеңгі күнге ғана үлкен үміт артып келе жатқан жайым бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!