Ара өсірушілердің қауымдастығы құрылмақ Зырянда - ШҚО

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданында ара өсірушілердің қауымдастығын құру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Ара өсірушілердің қауымдастығы құрылмақ Зырянда - ШҚО

Аудандағы бал өндірумен айналысатын 430 ара өсіруші өз өнімдерін жылдан-жылға молайтып, жақсы нәтижелерге жетіп жүр. Зырян балының сапасы жоғары болғанымен кәсіпкерлер өнімдерін нарықта өткізе алмай отыр. Бұл мәселені бірігіп шешу үшін қауымдастық құру қажеттігі туындап отыр.

Бұл күндері бастамашыл топ ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесіп, алдағы уақытта істелетін жұмыс жоспарын құрып жатыр.

Қазіргі кезде омарта шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Бұл қауымдастық ара өсірушілердің өз істерін дамытуларына жәрдемдесіп,осы саладағы азаматтарға шаруаны неден бастау керектігін үйрететін болады.

Сондай-ақ, бастамашыл топ ауданда асыл тұқымды омарта шаруашылығын көптеп құру, қазіргі уақытта карпат тұқымды ара өсіріп жатқан кәсіпкерлердің іс-тәжірибесін кеңінен тарату шараларына да баса назар аударып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz.