Ара шаруашылығы: омартаның ветеринариялық паспортын қайдан алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және бал ара шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына Мемлекет басшысы қол қойды.

Ара шаруашылығы: омартаның ветеринариялық паспортын қайдан алуға болады
Фото: Pexels

Құжатқа сай, омартаның ветеринариялық паспорты деген жаңа ұғым енгізіледі.

— Омартаның ветеринариялық паспорты — омартаның иесі, бал ара ұяларының саны, жүргізілген ветеринариялық өңдеулердің мерзімі мен сипаты көрсетілетін белгіленген нысандағы құжат, — деп түсіндірілген заңда.

Ал ветеринариялық паспортты омарташыларға әр өңірдегі әкімдіктер құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар береді.

— Омарталарды есепке алу және емдеу-алдын алу іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар әрбір омартаға ветеринария саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және нысанда омартаның ветеринариялық паспортын береді, — делінген құжатта.

Жергілікті атқарушы органдарға басқа да міндеттемелер жүктелген.

— Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың
жергілікті атқарушы органдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте бал араларды қорғау, молықтыру және пайдалану саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді ұйымдастыруды және (немесе) қамтамасыз етуді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде ҚР заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады, — делінген заңда.

Сонымен қатар, онда омарталардың орналасу қашықтығына қатысты талаптар да қамтылған.

— Көшпелі омарталар бір-бірінен кем дегенде бір жарым километр және стационарлық омарталардан үш километр қашықтықта бал жинау көздерінде орналастырылуға тиіс. Стационарлық және (немесе) көшпелі омарталарды энтомофильді өсімдіктерді егу және (немесе) отырғызу арқылы іргелес аумақтарда бал шырынды базаны ұйымдастыратын стационарлық және (немесе) көшпелі омарталарға бес километрге жақын жерде орналастыруға жол берілмейді. Стационарлық және көшпелі омарталарды бұрын орналастырылған басқа омартадан бал жинау көздеріне қарай бал аралардың ұшу жолында орналастыруға жол берілмейді, — делінген құжатта.

Осы және өзге де нормалар елімізде бал ара шаруашылығын дамыту, сондай-ақ бал араларды қорғау мен сақтау үшін жағдай жасау т. б. міндеттерді орындауды мақсат етеді.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған заңға 2026 жылғы 19 маусымда қол қойды.

Ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін ара шаруашылығы туралы жаңа заң омарташыларға қандай мүмкіндік беретінін жазғанбыз.