Араб елдері Иерусалимдегі палестиналықтарға 500 миллион доллар көмек бөледі
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Араб елдерінің сыртқы істер министрлері Иерусалимде тұратын палестиналықтарға 500 миллион доллар көмек бөлу туралы шешім қабылдады, деп хабарлады журналистерге Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысы Амр Мұса.
Араб елдері сыртқы істер министрлерінің мәжілісі Ливияның Сирт қаласында өтіп жатыр. Палестиналықтарға қаржылай көмек «Иерусалимді құтқару жөніндегі іс-шаралар жоспары» деп аталатын жоспардың аясында бөлінеді. Бұл құжатта сондай-ақ, Иерусалимдегі демографиялық жағдайды Израильдің пайдасына жасанды жолмен өзгертуге жол бермеу мақсатынан халықаралық соттарға, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне үндеулер қарастырылған.
Бұған дейін Израиль палестиналықтар өздерінің болашақ мемлекеттерінің елордасы деп санайтын Шығыс Иерусалимде жаңа қоныстар салу туралы жоспарын жария еткен болатын.
Бейсенбі күні өткен Араб елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде наурыздың 27-28-інде өтетін Араб саммитінің күнтәртібі талқыланды.