Араға 18 жыл салып Қазақстанның грек-рим балуандары әлем чемпионатының финалистері атанды

Францияның Париж қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан спортшылары 2 күміс медаль иеленді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, әлем чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан қоржынына күміс жүлде түсті. 71 келі салмақта финалдық бәсекеде қазақстандық Демеу Жадыраев екінші орынды еншіледі. Өкінішке қарай, ол германиялық Франк Штеблерге 3:8 есебімен есе жіберіп алды. Әлем біріншілігіндегі «күміс» жүлде жолында Демеу Норвегия, Ресей, Қырғызстан және Мажарстан спортшыларынан басым түсті.
Сонымен қатар грек-рим күресінен 59 келі салмақта сынға түскен балуанымыз Мейрамбек Айнағұлов Қазақстан қоржынына екінші «күмісті» салды. Мейрамбек финалға дейін сүрінбеген болатын. Соңғы тартысты бәсекеде жапониялық Кеничиро Фумитоға 1:2 есебімен есе жіберген ақтөбелік М.Айнағұлов күміс жүлдені қанағат тұтты. Қазақстандық балуан биылғы Азия чемпионатының финалында да осы К.Фумитодан төрешілердің шешімімен дәл осындай есеппен ұтылған болатын. Атап айтқанда, жапондық айып ұпайының есебінен ғана отандасымыздың алдын орап кетті.
Осы жетістікті жанкүйерлер ұзақ күтті. Өйткені әлем чемпионатында Қазақстан атынан финалға екі спортшы қатарынан соңғы рет 1998 және 1999 жылдары шыққан еді.
Бұл нәтижелер бапкерлер штабы, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, ҚР Спорт және мәдениет министрлігі еңбегінің, сондай-ақ барша команда қосқан үлестің арқасында мүмкін болды.