«Арал туралы әңгіме ақиқат па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Бірінші жартыжылдық қорытындысында ілгерілеу бар» деген тақырыппен мақала басты. Онда атап көрсетілгеніндей, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Соның бастыларының бірі - еліміздің үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы болды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің айтуы бойынша, атал­ған мерзім ішінде экономикадағы дамудың оң үдерістері одан әрі жалғасқан. Осы мерзім ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 пайызға өссе, өңдеу секторының өсу қарқыны 8 пайызды құраған. Ал кен өндіру саласындағы даму көрсеткіші 5 пайыздық деңгейде қалыптасты. Міне, осылардың не­гізінде алдын ала жасалған бол­жам бойынша үстіміздегі жыл­дың бірінші тоқсанындағы ішкі жалпы өнімнің өсім көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,5 пайызды құраған.

Сондай-ақ осы басылым бүгінгі санында Премьер-Министрдің орынбасары Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовпен болған сұхбатты жариялады. Сұхбат «Біз дамыған индустриялы елге айналуға тиіспіз» атты тақырыппен беріліп отыр. Сұхбатта еліміздің индустрия саласы мен салада болып жатқан жаңалықтардан хабардар етіп, болашақ жоспарлары жөнінде басылым тілшісімен ой бөліскен минстрдің сөзіне қарағанда, кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау өзінің ойлау жүйесін өзгерткендерге, өр­кендеуге, жаңаруға, бәсекелестікті арт­­тыруға шындап кіріскендерге ғана көрсетілетінін түсіне бастады. Біздің міндетіміз - кәсіпкерлердің жаңа деңгей­дегі табын қалыптастыру. Олар жаңа технологиямен жұмыс істейтін, кәсіби білікті кадрлары бар, сыртқы рыноктарға шы­ғуға дайын тұратын болуға тиіс. Ендігі жерде баяғы «купи-продай» жолы­мен алысқа бара алмайтынын жұрттың бәрі біледі. Өнімнің өтуіне жалғыз кепіл - кәсіпорынның жақсы жұмысы, шы­ғарған бұйымының бәсекеге қабілеттілігі.

***

«Есірткіні емдеу мекемелерінің өздері береді». «Айқын» газетінің бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның хабарлауынша, таяуда ғана есірткі есін ұрлаған жастарымызды емдеу үшін метадон аталатын екінші бір есірткі түрінің пайдалануына алаңдаушылық танытып, БАҚ өкілдерін бір үстел басына жинаған Ұлттық медицина академиясы кеше тағы да тілшілерді тығыз түрде жиынға шақырған. Бұл жолы қауымдастық өкілдері мен Адам құқықтары жөніндегі азаматтық комиссия мүшелері бірігіп, еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаевқа үндеу әзірлеп қойыпты. Талап - «уды у қайтарады» деп қателескен дәрігерлерді жазалау және заңсыз метадон есірткісінің қолданылуына тыйым салу.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Арал жөнінде жақында Батыс Мичиган университетінің жағрафия саласына еңбегі сіңген профессор Филип Миклин оғаш пікір айтты. Арал теңізін ғарыштан түсірілген суреттер арқылы жетік зерттеген ғалым: «Арал теңізі 2020 жылы көзден ғайып болып, оның орнын ондаған шақырымға созылған тұзды сортаң алқап басады. Бұл өз кезегінде әлем экологиясына үлкен зиян шектіреді. Ондай жағдайға жетпес үшін, теңіздің маңында отырған мемлекеттер, сондай-ақ өзге де елдер, халықаралық табиғатты қорғау ұйымдары қаржыны молынан құя отырып, түрлі инженерлік жобалар жасауы тиіс. Әйтпесе Аралдан айрылғанымыз айрылған», - деген пікірін алға тартқан.Шетелдік ғалымның еліміздегі ең өзекті мәселелерінің бірі жөніндегі пайымдауларымен кеңірек танысқыңыз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Арал туралы әңгіме ақиқат па?» атты мақаланы оқыңыз.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Қызылжарда 1000 бала болашақ миллионер атанды» деген тақырыппен мақала басып, қызылжарлықтар қолға алған үлкен игі бастама жөнінде жазады. Басылымның хабарлауынша, Қызылжар тұрғындары бала туу көрсеткіші бойынша елімізде ең соңғы орында тұр. Әрбір мың адамға шаққанда 13 нәрестеден дүниеге келеді. Бұл көрсеткіш еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінен екі есеге дейін аз. Мәселенің ушығып бара жатқанын ескерген жергілікті билік «Ұрпақ қоры» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға кірісті. Отбасында төртінші немесе одан да көп бала туса, кәмелеттік жасқа толмағандардың барлығына банкте депозит ашылып, ақша салынып жатыр. Бүгінгі дейін 1000-нан астам қызылжарлық сәбидің әрқайсысы 226 мың теңгенің иесі атанып үлгерді. Бұл қаржы жыл сайын өсіп, бала 18-ге толғанда бір миллион теңгеден асып кетеді екен.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, Ресейдің туристерге арналған сайттарының бірінде «Қазақстан саяси құрылымы мен ұлттық менталитетіне қарамастан, жыл өткен сайын еуропалық елге ұқсап барады. Әсіресе бұл ұқсастық Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға барып келген соң білінеді. Соңғы 20 жылдың ішінде бұлар нағыз азиялық елге айналғаны анық. Ал қазақ жерінде Еуропаға келгендей әсерде қаласың: сауда орталықтары, банкоматтар, ыстық су, жедел интернет, уақтылы жүретін үлкен де жайыл автобустар және өркениеттің өзге де жетістіктері жетерлік», деп жазылған. «Мұндай ақпаратты оқыған соң, қанша туристің бері қарай жөңкілетінін кім білсін, бірақ орыстың кәсіпкерлері кәсібін жүргізуге біздің елді қолайлы деп тапқан сияқты: жыл басынан бері ресейлік 400 компания бізге қарай ойысқан», - деп жазады басылым. Бұл туралы «Ресей бизнесі Қазақстанға ауып барады» деген мақаладан толыққанды білуге болады.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында Сыртқы істер министрілгінде өткен өлім жазасынан бас тарту мәселесіне арналған аумақтық конференцияда көтерілген мәселелер туралы жазады. Басылымның хабарлауынша, бүгінде еліміздің бас бостандығынан айыру орындарында өлім жазасына кесілген 86 адам отыр. Қырғызстанда мұндай қылмыскерлер саны 242 болса, Тәжікстанда 100. Конференция барысында оған қатысушылар көптеген елдерде өлім жазасына кесілген адамдар саны аз болғанымен оларды ұстайтын мекемелер әрдайым халықаралық талаптарға сай бол бермейтінін атап көрсеткен. Осы мәселе жөніндегі мәліметтермен кеңірек танысқыңыз келсе, басылымдағы «Казнить нельзя. А миловать?» атты мақаланы қараңыз.

Соңғы жаңалықтар