Арап Еспенбетов: Абай — қазақтың асыл мінезін әлемге танытқан қайраткер

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференцияда филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов «Абай және Алаш» тақырыбында баяндама жасады.

филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

— Абайдың 180 жылдық мерейтойы — тек қазақтың емес, алыс-жақындағы достарымыздың ортақ қуанышы. Абай кім? Ол заманының қуанышы мен болмысын, әдет-ғұрпын, қандастарының қайғысы мен мұңын, халқының асыл мінезін жүрек түкпірінде саралап, әлемге танытқан, сонымен бірге оғаш қылықтарын ашық сынаған даңқты қайраткер. Хакімнің есімі XIX ғасырда таныла басталып, содан бері талай зерттеулер жасалды. Абайтанудың ғылыми-теориялық, әдістемелік ұстанымды негіздеген Мұхтар Әуезов пен Құдайберген Жұбановты атап өту парызымыз, — дейді ол.

Профессордың айтуынша, алаштық идеяның қордаланған мәйегі — Абайдың шығармашылығында.

— Кеңес кезеңінде Абай мен Алаш байланысын барынша жасырып келді. Тіпті оларды бір-біріне қарсы қойды. Ал Алаш ардагерлері Абайды жандарындай сүйіп, құрметтеді. Десе де алаштықтар ақын мұрасын насихаттауда ғылыми зерттеуді мұрат етпеген. Сондықтан Алаштың ақиықтары Абайтанудың бастауында тұрған жоқ. Абай шығармаларының жарық көруі Әлихан Бөкейханмен байланысты екенін білесіздер. Хакім қайтыс болғаннан кейін оның балаларына өзі хат жазған. Сөйтіп, ұлы ақынның жинағы 1909 жылы шыққанымен 1913 жылға дейін оны оқушы болмаған. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» мақаласы жарық көрді. Міне, сол мақаладан соң ғана Абайды оқитындар көбейді, — дейді Арап Еспенбетов.

Еске салсақ, осыған дейін «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Түркиядағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бираз баяндама жасағаны жайлы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар