Арбаға таңылған ШҚО-лық шебер тұрмыстық техника жөндеп, бірнеше ауылдан тапсырыс алып отыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Түгел дерлік адамның үйінде тұратын теледидар кенеттен сынып қалып, кіржуғыш машина істен шығатын жағдайлар болып жатады. Сол кезде міндетті түрде техниканың тілін білетін, өз ісінің шеберін іздеуге тура келеді. Осындай азаматтардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Бозша ауылында тұратын Дархан Хамитов.

техника
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Шебер арбаға таңылғанына қарамай, епті қолдарымен техниканы жөндеп, отбасын асырап отыр. Сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдырған оның алға қойған жоспары да аз емес. Kazinform тілшісі өзгеге үлгі болар жанмен сұхбат құрып көрді.

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?

- Тарбағатай ауданы Бозша ауылында туып, ер жеттім. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Анам он екі құрсақ көтерген ақжаулықты ана. Қазір қарашаңыраққа ие болып отырған жайым бар. Жұбайыммен отау құрғанымызға бес жыл. Ол Ақжар ауылының тумасы, сол жақта танысқанбыз. Қазір шаңырағымыздың ұйытқысы, маған жәрдем беріп отырады. Бала кезімде маған церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Он үш жасыма дейін балтақпен жүрдім. Ары қарай бойым, салмағым өсуіне байланысты он бес жасымнан бері арбада отырып келемін.

- Техника жөндеуді кім үйретті? Алғаш рет нені жөндеп көрдіңіз?

- Бала кезімнен үйдегі техникаларды ашып, ақтарып көруге әуес болдым. Мұны байқаған әкем қолдау білдіріп, керекті құрал-жабдықтарды әкеліп беріп отырды. Магнитафондар қолданыста болған уақытта тұрғындар жөндетуге жиі әкелетін. Басқа да ұсақ-түйек заттарды жөндеп жүрдім. Халыққа сапалы қызмет көрсетуге тырысамын. Тозығы жеткен кейбір техникаларды жөндеудің мәні жоқ, ал сапалы тұрмыстық заттардың жұмыс істеу мерзімін созып, ары қарай пайданғанға не жетсін?! 

техника
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Техника жөндеуді табыс көзіне айналдыру идеясы қашан және қалай келді?

- Үйге келген кісілер бірдеңе жөндеп отырғанымды көріп, өздерінікін де жөндеп беруімді сұрайтын. Сөйтіп, адамдар бір-бірінен естіп техникаларын жөндетуге әкеле бастады. Аз-маз табыс та түсті. Бұзылған құрылғыны тастамай екінші рет тыныс беру өзіме ұнайтын. Сөйтіп сүйікті ісім отбасымның нәпақасын табуға жарай бастады. Ары қарай өзімді дамытып, күрделі техникаларды жөндеуге құлшынысым арта түсті. Осылай бұны кәсіпке де айналдырдым. Қысты күндері үйдің бір бөлмесін, жазда гаражды шеберханаға айналдырамын.

- Қазіргі таңда қандай техникаларды жөндей аласыз? Оның ішінде ең қиыны және ең оңайы қайсысы?

- Қолыма түскен электрониканың кез келгенін жөндеймін. Мен үшін ең оңайы, қиыны деген жоқ. Көлемді техника болғанымен жөндеу қиынға соқпайтындары бар. Керісінше кішкентай электрониканың құрылысы күрделі болуы мүмкін. Кейде жөндеуге бір сағат, кейде бірнеше күн кетеді. Ас үй құрылғылары, шаңсорғыш, үтік, шәугім осы сынды заттар жиі түседі. Тұрмыстық техниканың жұмыс істеу мерзімін көбейту үшін дұрыс күтім жасаған абзал. Көліктердің де токтарын жөндеймін.

- Кәсібіңізді дамыту үшін мемлекеттен қандай да бір көмек алып көрдіңіз бе?

- Осыдан бес жыл бұрын мемлекеттен 560 мың теңге қайтарымсыз грант алдым. Ауыл әкімдігі қолдау білдіріп, бауырым құжаттарын жинауға жүгіріп көмек қолдарын созды. Жұмысқа қажетті құралдар мен ноутбук алдым. Енді кәсібімді кеңейте түсіп, қайта дамытуға өтініш білдіріп, грантқа қатысып көру жоспарымда бар. Бес жыл бұрынғы аппараттар қазір ескіріп тозығы жетті. Арасында өзім қолдан жасап алған құралдарым кәдеге жарап жатады. Тапсырысты тезірек бітіріп, өнімді жұмыс істеу үшін жаңа құралдарға қол жеткізгім келеді. Бір айда бітіріп жатқан жұмысымның көлемін еселеп көбейтсем бе деймін. Себебі тапсырыс күн сайын түседі. Халық Тарбағатай ауданының түкпір-түкпірінен арнайылап іздеп келіп жатады.

- Жұмыс жоқ деп үйде бос жатқан апталдай азаматтарға не деп айтар едіңіз?

- Біреуге ақыл айтудан аулақпын. Бірақ «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» дейді ғой. Жұмыс істеймін, нәпақа табамын деген адамға әрдайым жұмыс табылады деп ойлаймын. Ең бастысы, ниетімізді туралап, адал еңбек еткен жөн.

- Әңгімеңізге көп рақмет!