Әрбір ақылды адамға иман парыз

АНА. Тамыздың  19-ы. ҚазАқпарат/ Ризабек Нүсіпбек/ - Мейiрiмдi, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын! Міне  ұлы Жаратушының пенделерiне тартқан теңдессiз сыйы, күні мен түні де тұтастай Жасаған Иемiздiң рақымы мен мейiрiмiне тұнған, адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайтын қасиеттi Рамазан айы да келіп жетті. Барша мұсылман қауымы тамыздың 21-і, жұма күні ауыз бекітіп, 30 күн ораза тұтады.

Әрбір ақылды адамға иман парыз

Адамзат баласының қай-қайсысында болмасын, қандай да бір дінге немесе идеологияға сенуге деген бейімділігі бар. Абсолютті тұрғыдан сенімі жоқ адамды елестетудің өзі қиын. Дінсіз адам болмайды. Барлық адам бір сеніммен өмір сүреді. Біреу дінге емші, тәуіп арқылы, енді бірі түс көріп, тағы біреу қорқып келіп жатады. «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз» деген Абай атамыз. Иман дегеніміз - Алланың барлығына, періштелеріне, кітаптарына, тағдырына, ақырет күніне сену . «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес, ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа қол емес», - деген тағы Абай атамыз. «Аллаға шүкір» деген ауыздың сөзі ғана. Шын жүрегімен талпынған адам мешітке қарай аяңдап, намазға жығылады.

Еліміз тәуелсіздік  алғаннан бері,  рухани құндылығымыз жоғарылап, жастарымыз иманға бет бұрып, дін жолына түсе бастады. Бүгінгі күні мешітке баратын адамдардың саны күннен күнге көбейіп келеді, алайда жақсылық көптік етпейді  ғой. «Жақсылық пен жамандық егіз» - демекші, жасынан ішімдік пен шылымға құмар болып, әр жерде қылмыстық әрекеттерге барып, ұрлық істеп, төбелес шығарып жүрген ұлдарымыз бен ұлттық қасиетімізді ойрандап, ашық - шашық киініп, ойнап - күліп жүрген қыздарымыз қаншама. Этика өзіне нормативтік этиканы және мораль теориясын қамтиды. Біріншісі игілік, ізгілік, қастандық және т.б. туралы мәселелерді зерттейді, мінез-құлықтың моральдық кодексін тудырады, неге ұмтылу керектігін, қандай мінез-құлықтың жақсы екендігін, өмірде қандай мән бар екендігін көрсетеді. Оның бір бағыты - дін болып есептелінеді. Бірақ барлық діни ағымдар сол мемлекеттің дамуына, сол халықтың адами тәрбиесіне бірдей дұрыс әсер ете алмайды. Бүгінгі таңда елімізде көптеген діни ағымдар, діни секталар жұмыс істеуде. Олар біздің жастарымызды қандай жолға бағыттайтыны белгісіз. Сондықтан жастардың қылмысқа бармау, құқық бұзбауының, адаспаудың негізгі бағыты  діни сауаттылықта. Қазақстанның әрбір жас мүшесі діни жағынан сауатты болса, қылмысқа, құқық бұзуға бармайды. Ол үшін жастармен тікелей жұмыс істейтін педагогтар мен заңгерлер өздері діни сауатты болуы шарт. Қоғамда исламдық мораль нормалары мен мінез-құлықтың этикалық ережелері нормаларының қайта жандануы және мемлекет заңдарын сақтау рухани-өнегелілігі жоғары адамды қалыптастыруда оң нәтиже бере алады. Ислам өз көрінісін өнегелік және өнегесіздік туралы ұғымдар мен түсініктерден, моральдық нормалардың жиынтығынан табады. Құранда ол туралы нақты жазып көрсеткен. Ол адамдардың рухани, өнегелік және сана-сезімдік мәселелерін дін ғана біржола шеше алады, ол адамға соншалықты қажет ұстамдылық, төзімділік сияқты қасиеттерді баулиды, адамды қоғам мен мемлекеттің ешқашан толық жетілмейтіндігін ұғынуға және оның деңгейінен жоғары көтерілуге үйретеді. Егер «жоғарыда» ешнәрсе болмаса, бұл өмірде ойға келгеннің бәрін істей беруге болады деп санау адамның азғындауына алып келеді. Сондықтан да этикалық тәрбие мәселесі әр уақытта мәңгілік әмбебап өнегелік негізге сүйену керек, содан ғана мәдениет, тәрбие, білім дәні өсіп шығады.

      

V-VІ ғасырларға дейін Араб түбегінде, яғни Ислам діні келместен бұрын надандық, білімсіздік дәуірін бастан кешті. Ал Ислам дінінің келуімен, оның ең алғашқы әмірінің «Оқы» деп басталуымен араптар көпке ұзамай-ақ білімді, оқымысты, мәдениетті ел болып шыға келді. Осымен қатар, ең алғашқы мектеп-медреселер, алғашқы университеттер осы мұсылман мемлекеттерде қазығын қақты десек қателескен болмаспыз. Бұл білім, оқу ордаларының тарихы сол Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың кезінде, үйден, кейін мешіт-медреселерден бастау алған. Мұсылман әлемінен шыққан әл-Кинди, Бируни, жерлесіміз әл-Фараби сынды әлемді аузына қаратқан небір ғұламалар сол мешіт-медреселерден тәлім-тәрбие алып шыққандығын ұмытпасақ. Соныме бірге Ислам діні ғылыммен ұштаспаса, еш уақыт қарсы келмейтінін әрі арабтар сол Исламның алып келген мәдениетімен жоғары деңгейлерге көтеріле білгендігін де жадымыздан шығармасақ. Негізі ғылымның қайнар бұлағы Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінде жатыр. Енді бұны жарыққа шығару қазіргі жас буын, жас ғалымдардың еншісінде.

Иман бар жерде жақсылық бар, ізгілік бар. Иманды бекемдеу ұстамдылықтан, төзімділіктен туындайды. Рамазан айы төзіміңді, сабырлығыңды шыңдап иманға бет бұратын қасиетті ай. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла Тағала: "Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерiң үшiн сендерге бұрынғыларға парыз етiлгендей ораза парыз етiлдi" ("Бақара" сүресi, 183-аят), - дейдi.
Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты - мұсылмандардың жүректерін  тазартып, иман нұрына бөлеу, тақуалыққа жеткiзу.Тақуалық - Алла Тағалаға бойұсыну, әмiрлерiне құлдық ұрып, тыйғандарынан тыйылып, иманды, көркем мiнездi, мейірімді жан болып, Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану. Демек, оразаның мақсаты - жанды рухани тазартып, көркем мiнезге тәрбиелеу, адамдарды мейірімділікке ізгілікке шақыру, нәпсiні тізгіндеу. Қасиеттi айда тек қана iшiп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. жаман әдет-қылықтардан барлық кезде iргенi аулақ салу. Сол арқылы адам өзін раухани құндылығы жоғары, ой - өрісі көркем адам етіп тарбиелей алады. Ел болашағы жастардың қолында, жастардың жүрек тәрбиесінің жоғары, ой - өрісінің көркем, білікті де білімді болуы имандылықтың қолында. Қасиетті ай баршамыздың жүрегімізге иман,  өмірімізге жақсылық акелсін.