Әрбір екінші мамандандырылған автокөлік Ақмола облысында шығарылады
«Бізде машина жасау саласында бірқатар кәсіпорын бар екенін ерекше атап өткім келеді, олар республика бойынша – көш басында тұр. Мысалы «КазРостИнжиниринг» және «КАИК» компаниялары жыл сайын әрқайсысы 2 мыңға дейін ауыл шаруашылығы техникасын, комбайн мен тракторлар шығарып сатады», - деді облыс әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен есептік брифингте.
Әкімнің айтуынша, «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ жылына 1,5 мыңға дейін жүк және мамандандырылған, тек қана Қазақстанда шығарылатын эксклюзивті автомобильдер шығарады.
«Осы және басқа да кәсіпорындар белсенді кеңейіп келеді, Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы елдерінде шығарылатын заманауи, роботталған жабдықтарды орнатуда. Ол бұл саланың біздің өңірде одан әрі дами беретінін көрсетеді. Сонымен бірге, ел көлемінде жекелеген өнім түрлері бойынша барлық мойынтіректер, әрбір екінші мамандандырылған автомобиль, жинайтын комбайн және трактор Ақмола облысында шығарылады», - деді Е. Маржықпаев.