Әрбір құзыретті орган өз саласындағы жастардың мәселесін шешуге міндетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жастар қоғам өмірінің барлық саласында өздерінің азаматтық көзқарасын, ұстанымын білдіріп, бастамаларын жасау арқылы мемлекеттік маңызды мәселелердің шешілуіне ат салысатын болады.
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында тұтастай мақұлданып Сенатқа жол тартқан «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасында осы мәселе құқықтық тұрғыда толықтай негізделді.
Жаңа құжатта мемлекеттік жастар саясатын қалыптастырып, іске асырудың бірнеше тетіктері белгіленіп отыр. Заң қабылданатын болса солардың негізінде Елбасы, үкімет және жергілікті әкімшілік орындары жанындағы консультациялық-кеңесшi органдар қызметі, республикалық және өңірлік жастар форумдары, жастарға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтері, жастардың ресурстық орталықтары құрылып, жұмыс істейтін болады. Білім және ғылым министрі Аслан Бекенұлының айтуынша, елімізде осындай органдардың бой көтеруі жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, олардың өз болашағы үшін ғана емес, ел игілігі үшін де күш біріктіріп, іс-қимыл жасауына ықпал ететін болады.
Аталмыш заң жобасы Парламент қабырғасына соңғы үш төрт-жылдың бедерінде келіп түскен екінші құжат. Бұған дейін жасалған бірқатар заңдарға жастар саясаты жөнінде өзгерістер толықтырулар енгізген заң жобасын Үкімет депутаттар сынынан кейін кері қайтарып алған болатын. Депутаттар тарапынан оған екі жүз елудей өзгерістер енгізіліп, заң жобасы мазмұндық тұрғыда үлкен өзгеріске ұшырапты. Соның арқасында құжаттың сапасы барынша жақсарып, елдегі жастарға қатысты өзекті мәселелер өз деңгейінде көрініс тапқан. Министр мырзаның айтуынша, бастысы онда жастар мәселесімен айналысатын уәкілетті органның құзыреті айқындалып отыр. Бұған дейін жастар саясатына бірнеше құзырлы ұйымның «таласы» болып келген болса, аталмыш заң қабылданса бұл іс Білім және ғылым министрлігінің еншісіндегі шаруа болады.
Тағы да ерекше тоқталатын жайт, заң жобасында мемлекеттік жастар саясатының нақты міндеттері бірнеше топқа бөлініп белгіленді. Айталық онда жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тарту, азаматтыққа тәрбиелеу және қазақстандық патриотизм сезімін нығайту негізгі басымдықтар болып отыр. Сол секілді жастар саясатының негізгі бағыттары ретінде қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулықты сақтау және нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру; жұмысқа орналастыру мен жұмыспен қамту үшін және жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасау, жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту секілді бүгінгі таңда жастар үшін өзекті болып тұрған маңызды мәселелер айқындалды.
Заң жобасы бойынша тағы бір шешілген мәселе жастарды мемлекетті қолдау мақсатында орталық мемлекеттік органдардың айқындалған құзыреттері. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметіне 4 құзырет, уәкілетті органға - 14 құзырет бекітілді. Өз кезегінде білім, ғылым, денсаулық сақтау, еңбек, кәсіпкерлік, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, діни қызмет, ішкі істер органдары, Қорғаныс министрлігі, қоршаған ортаны қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары салаларындағы орталық мемлекеттік органдардың құзыреттері де айқындалып отыр. Министр мырзаның айтуынша, әрбір құзыретті орган өз саласында жастарға қатысты мәселені шешуге міндетті әрі жауапты болады. Мәселен, Әлеуметттік даму және денсаулық сақтау министрлігіне жастарды мамандығы бойынша жұмыспен қамту шаралары жүктеліп отыр. Бұл құзырлы ұйым қабылданған индикаторлар негізінде осы шараны жүзеге асырады. Керісінше жағдайда заңмен айқындалған негізде жауапкершілікке тартылатын болады.
Депутаттардың айтуынша, аталмыш заң жобасы - жастар үшін қажет бүгінгі заман талаптарына толық жауап беретін құжат. Ендігі міндет осы жақсы заңды талап деңгейінде жүзеге асыру. Бұл ретте депутат Алмас Тортаев, жастарға қатысты мәселеде бұған дейін жергілікті әкімшіліктерде үнемі жалған ақпар беріліп, жалаулатқан жасанды ұрандар ғана айтылып келгенін ортаға сала келе алдағы уақытта мұндай көз бояушылыққа жол берілмесе екен, ол үшін уәкілетті орган түсіндіру, насихат жұмыстарын тиянақты әрі пәрменді жүргізсе екен деген тілегін жеткізді.
Осы заңның ілеспе құжаты ретінде «Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы да қаралып жатыр. Бұл құжат бойынша қоғамда көптен көтеріліп жүрген он сегіз жасқа толмаған азаматтарды еңбек өтілінсіз жұмысқа қабылдау, жұмысқа алғаш тұрған жас маманмен кемінде екі жылға еңбек шартын жасасу мәселесі қарастырылыпты. Депутаттар бұл мәселерге қатысты барлық салаға екі жылдық еңбек шартын жасасу кейбір мамандықтар үшін жеткіліксіз, сондықтан дәрігер секілді күрделі кәсіп иелері үшін аталмыш құжатты сараптамалы сипатта жасау қажеттігін атап көрсеткен.