Арғанаты тас мүсіндері
Арғанаты тас мүсіндері – түркілердің орта ғасырдан қалған ғұрыптық ескерткіштерінің бірі. Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Арғанаты тауының Мық, Домбауыл, Айыршоқы қыраттарында орналасқан.
Халқы мен елінің бүкіл әлемдік процестегі алар орнын, бүгінгі күннің болмысын жете ұғынуға талпынған адамға - өз халқы өмірбаянының беттерін парақтай отырып, өткен заман оқиғалары мен құндылықтарына, өзінің тарихи тегіне зер салып, ой елегінен өткізу қасиеті тән. Бұрынғы ұрпақтардан мирас болған бай мәдени-тарихи мұралардың бірегей саласы түркі дәуірінің тас мүсіндері болып табылады. Ғасырлар қойнауынан жеткен бұл ескерткіштер шын мәнінде ғажайып әсер қалдырады. Бүтін бір халықтар мен мемлекеттердің гүлдену мен құлдырау кезеңдерін бастан өткерген, тарихтың бізге беймәлім жұмбақ сырлары тұнған бұл мұралар қазақ халқы ата-бабаларының өткен өмірінің тілсіз куәгерлері болып қала береді.
Тас мүсіндерге табыну ғұрпы VII-XII ғасырларда Түркі және Қарлұқ қағанаттарының, Оғыз, Қыпшақ және Қараханид мемлекеттерінің құрамына кірген түркі тілдес тайпалардың арасында өріс алды. Көне тас мүсіндер Қазақстанның барлық аймақтарында күні бүгінге дейін сақталған. Әсіресе Қарағанды облысының Ұлытау төңірегіндегі Едіге, Арғанаты, Кішітау тауларының қыраттары мен ойпаттарында, жазық далаларда жиі ұшырасады.
Қазақ жеріндегі көне тас мүсіндерді ғылыми тұрғыда түбегейлі зерттеген қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Оның 1966 жылы Ұлытау төңірегіндегі осындай ескерткіштерге арналған «Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер. Ежелгі мәдениет куәлары» атты еңбегі қазақ тілінде жазылғандықтан, көп ғалымдардың назарына ілікпеген.
Әлкей Марғұлан Түркі қағанаты дәуірінде орнатылған тас қоршаулардың біріне жазба жұмыстарын жүргізген кезде, бұл арадан адамның мүрдесі емес, мал сүйектері табылған. Осыған сүйене отырып, ғалым «Тас қоршаулар ? адамдар жерленген қабір емес, оларды еске түсіру үшін ас беріп, ат шаптырған жерлерге қойылған белгілер» деген қорытынды жасады /1.13бет/.
Көне заман тас безеушілерінің қолынан шыққан мүсіндерде сомдалған бейнелер сан қилы. Олар ? батырлар мен билер, абыздар мен жыршылар және бақташылар. Бұл жөнінде ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар. Олардың бірі ? тас мүсіндерде түркі батырларының ұрыс даласында өлтірген аса күшті жауларының тұрпаты кескінделген десе, екіншілері ? бұлар қабірдің басына немесе сүйегі өртелген жерге орнатылған түркілердің өздерінің бейнесі деп санайды.
Түркі қағанаты дәуірінен мирас болған тас мүсін орнату дәстүрін қарлұқтардың далалық жерлерді мекен еткен көшпелілері жалғастырды. Қарлұқ заманының ескерткіштері көбіне олардың негізгі қоныстарынан шалғай жатқан жайлауларда, биік тау бөктерлері мен шатқалдарда, шөбі шүйгін жерлерде кездеседі. Осыған қарағанда, қайтыс болған адамның аруағын еске түсіру жоралары тек жаз кезінде ғана өткізіліп отырған тәрізді. Себебі әзірше тұрақты мекендердің жанына орнатылған мүсіндер кездеспейді.
Көне түркілер өмірінен кең орын алған әдет-ғұрыптар ғасырлар көшін артқа тастап, олардың бүгінгі ұрпақтары арасында өз жалғасын тауып отыр. Қазіргі кезде ата-бабалардың аруағына бағыштап ас беру, халқымыздың ардақты ұлдарын қадірлеп-қастерлеп еске алу іргелі дәстүрге айналды.
Осындай құнды жәдігерлеріміздің бірі Арғанаты тас мүсіндеріне 1950 жылы академик-ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның жетекшілігімен Орталақ Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Мүсіндердің көбі қирап, қатты бүлінген, толық саны белгісіз. Мүсіндер жалпақ тастардан қашалып, төртбұрыш, шаршы түрінде жасалған қоршаулардың шығыс жақ сыртына беті күншығысқа қаратыла орнатылған. Одан шығысқа қарай кішірек тас бағаналар немесе балбалдар тізбегі кездеседі. Тас қоршаулар астында адамдар жерленбеген. Ішіндегі тас-топырақ арасынан үйіндісінің арасынан мал сүйектері, ат әбзелі мен кейбір тұрмыстық бұйымдар, жағылған оттың табы мен күл қабаттары ашылды. Мық тауының етегіндегі жергілікті тұрғындар арасында «Алып тас», «Мықтың алыбы» атанған биіктігі 1,5 метр, ені 0,4 метр, қалыңдығы 0,23 метр мүсін сұр граниттен қашалған. Мүсіннен ер адамның бет әлпетінің, шоқша сақалының, үлкен көздерінің, ұзын мұртының және қолдарының бедері айқын көрінеді. Оң қолына сусын ішетін тостаған, сол қолына қылыш ұстаған. Екінші мүсін бұдан екі жүз метр қашықтықта орналасқан. Биіктігі 2 метр, ені 0,58 метр. Осы екі мүсінді жергілікті қазақтар «Қос алып», «Қос батыр» деп атайды. Бұл мүсіндер VІ-VІІІ ғасырларға жатады.
Арғанатының Тұлпартас сілемінің баурайынан VІІІ-ХІІ ғасырларға жататын граниттен қашалып жасалған биіктігі 1,25 метр, ені 0,35метр адам мүсіні табылды. Мүсінде әдемі жас әйелдің бет әлпеті кескінделген. Жанындағы обадан оның құрметіне өткізілген ас беру, қоштасу салтанатының белгілері, арналып сойылған малдың сүйектері мен қасиетті оттың орындары табылған. Бұл табылған мүсін Арғанаты мүсіндеріне жататын ертедегі адамдардың бет пішінін, дене құрылысын бейнелетін тас ескерткіштер және түрік қағанаты дәуіріндегі болған бейнелеу өнерін көрсетеді. Мұндай мүсіндер негізінен, елге сыйлы адамдарға қойылған. Осы тәріздес мүсін тастар Баянауыл, Қарқаралы, Жетісу өңірлерінде, Атасу өзенінің бойында жиі кездеседі.
Дереккөздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, І том
Ә.Марғұлан, "Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер. Ежелгі мәдениет куәлары"