Аргентинада бұрын ғылымға белгісіз болған динозавр түрі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Палеонтологтер Аргентинаның Патагония өңірінің оңтүстігінен бұрын ғылымға белгісіз болған динозавр түрінің қалдықтарын тапты. Сыртқы келбеті құтан құсына ұқсайтын бұл жануар шамамен 70 миллион жыл бұрын тіршілік еткен, деп хабарлайды «МИР24» телеарнасы.

Аргентинада бұрын ғылымға белгісіз болған динозавр түрі анықталды
Фото: Infobae

Ғалымдар жаңа түрді Kank australis деп атады. Оны жіктеу динозаврдың тістері, омыртқалары мен саусақ сүйектерінің қалдықтары табылғаннан кейін мүмкін болды. Қазба жұмыстары Санта-Крус провинциясындағы Эль-Калафате қаласы маңында жүргізілген.

Зерттеушілердің айтуынша, динозавр жыртқыш болған және қазіргі құтандар сияқты балық аулап қоректенген. Оның дене ұзындығы шамамен үш метрге жеткен.

Kank australis-тің басты ерекшелігі – мойын омыртқаларының ерекше құрылысы. Олардың ішінде мойынның күрт қозғалысы кезінде қан тамырларын зақымданудан қорғайтын арнайы құрылымдар орналасқан. Мұндай анатомиялық элементтер қазіргі ұзын мойынды құстарда да кездеседі.

Динозаврдың атауы да кездейсоқ таңдалмаған. Ол Патагонияда ежелден мекендеген теуэльче халқының мифологиялық түсініктерімен байланысты.

Еске сала кетсек, Сауд Арабиясында мумияланған қабылан сүйектері табылғанын жаздық.

Сондай-ақ АҚШ-та динозаврлар қырылған кезеңде тіршілік еткен атжалман қаңқасы табылды