Археология мен реставрацияға лицензия бөлек-бөлек берілмек – заң жобасы

АСТАНА. KAZINFORM — Реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген фактілер бар. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелеріне арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов айтты.

жәдігер
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

- Бүгінде археология саласында лицензиялар мерзімсіз және ескерткіштің барлық түрімен жұмыс істеуге бірдей беріледі. Мысалы, ұйым бір рет лицензия алса, одан кейін оның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме – ешкім оны тексермейді. Сол лицензиямен ол өмір бойы, еш шектеусіз, еш міндеттемесіз мәдени мұрамызбен жұмыс істей береді. Тағы бір проблема – археологиялық және реставрациялық жұмыстарға, бір ғана лицензияның берілуі. Формалды түрде оның жеке санаты болғанымен, іс жүзінде ол осы екі саланың айырмашылығын толығымен ескермейді, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, соның кесірінен реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген фактілер бар.

- Нәтижесінде – сапасыз қазбалар, бүлінген ескерткіштер. Енді бұл жүйе өзгереді. Біз әділ лицензиялау жүйесін енгіземіз. Енді екі бөлек лицензия болады – археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек. Лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл. Әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі. Егер заң талаптарын бұзса, олардың лицензиясын 6 айға дейін тоқтату немесе тіпті қайтарып алу туралы нормасын да енгіздік. Бұл – саланы тазалап, нағыз мамандарға жол ашатын шешім, - деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, Мәжіліс заңсыз археологиялық қазба жұмыстарын тыятын заң жобасын талқылап жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар