Археологиялық материалдарды жинақтау: Мемлекеттік қор құрылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Павлодар архивтерінде құжат сақтау орындары тапшы
Фото: Павлодар облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

- Заңның негізгі ережелеріне тоқталсақ, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау әрі пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау жүйесін өзгерту және лицензиялардың жаңа түрлерін беруге қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау ескерілген. Екіншіден, археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері туралы барлық мәліметті жинақтау үшін Археологиялық жұмыстар бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйені құру қарастырылды. Үшіншіден, жаппай археологиялық олжалар мен материалдарды орталықтандырылған түрде жинау, орналастыру және сақтау мақсатында Мемлекеттік қор мен Ұлттық депозитарий құру назарға алынды, - деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт.

Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшелері заң жобасының нормаларын жақсарту және елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау бойынша жаңа ұсыныстар енгізді.

Бұл тұрғыда тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және пайдалану жөніндегі қолданыстағы ұйымдардың қызметінің бірыңғай тәртібін айқындау, археологиялық жұмыстарды жүргізу кезінде техникалық құралдарды пайдалану тәртібін реттеу, сондай-ақ археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері үшін қорғау аймақтарын белгілеу және басқа да нормалар бар.

- Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында заң жобасында кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін қосымша білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін нормалар да көзделген, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

 

Соңғы жаңалықтар