Арықтататын қоспалар қауіпсіз бе — сарапшы пікірі

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде «еш диетасыз арықтататын», «жылдам нәтиже беретін» биологиялық белсенді қоспаларға қатысты жарнама жиілеп кетті.

Арықтататын қоспалар қауіпсіз бе — сарапшы пікірі
Фото: Видеодан скрин

Алайда мұндай өнімдердің артында нақты ғылыми дәлел бар ма, әлде бұл маркетингтік тәсіл ме деген сұрақ қоғамда жиі көтеріледі. Оған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Данагүл Қасқатаева жауап берді.

Маманның айтуынша, биологиялық белсенді қоспалар нарығы мемлекет тарапынан қатаң бақылауда. Әрбір өнім нарыққа шығар алдында міндетті түрде санитариялық-эпидемиологиялық тексерістен өтеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі жарнамалар да тұрақты бақылауда.

— Елімізде биологиялық белсенді қоспалар нарығы министрлікке қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің құзырында. Яғни кез келген өнім нарыққа шығар алдында белгілі бір тексерістен өтуі тиіс. Әлеуметтік желілердегі жарнама да бақылауда. Мәселен, 2 айдың ішінде 877 профильде куәліксіз сатылған биологиялық белсенді қоспалар анықталды. Оларға тиісті нұсқамалар жіберілді. Егер талап орындалмаса, Мәдениет және ақпарат министрлігімен олардың сайты бұғатталады, — деді Данагүл Қасқатаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.

Сондай-ақ сарапшы өнімдердің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды тексерудің маңызын ерекше атап өтті.

— Кеден одағына кіретін 5 мемлекеттен әрбір өнім тексеріссіз кіреді. Бірақ олардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты құжаттары қаралады. Деректерге сүйенсек, 200-ден астам өнім өндірушілердің жалған құжаттары анықталған. Мұндай жағдайда 3 ай бойы күшейтілген зертханалық жұмыстар жүргізіледі. Егер олқылық қайталанса, өнім ішкі нарыққа жіберілмейді, — деді сарапшы.

Маман мемлекеттік тіркеуден өткен өнімдердің тізімі министрлік сайтында қолжетімді екенін де еске салды. Дегенмен ол биологиялық белсенді қоспалардың дәрі емес екенін, сондықтан оларды емдік құрал ретінде қабылдауға болмайтынын қатаң ескертеді.

— Белгілі адамдар осындай өнімдерге жарнама жасап жатады. Мың аурудың еміне балайды. Алайда жалтыраған жарнамаға ұмтылмау керек, — деді ол.

Айта кетейік, елімізде медициналық білім беру 7 жылдық оқуға көшірілмек.