Арыстағы апат, Семей орманы, тасқын, аңдамай сөйлеген елші: Президенттен кімдер сөгіс алды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Президент өкілетін қолға алғаннан бірнеше министр мен облыс әкіміне сөгіс берген. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың Саран қаласын қысқа дұрыс дайындамағаны үшін алған сөгісі осыған дейін Ақордадан сөгіс алған шенеуніктері туралы сөз қозғауымызға түрткі болды.

шенеуніктерге сөгіс
Коллаж: Kazinform

Арыс трагедиясы

2019 жылдың жазында Түркістан облысының Арыс қаласында орналасқан қару-жарақ қоймасында дүркін-дүркін жарылыс болып, бүкіл ел бір дүрліккен. Ресми мәлімет бойынша, жарылыс салдарынан бір адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды. Осыған байланысты 12 маусым аза тұту күні деп жарияланды.

Арыс
Фото: Kazinform

 

Арыстағы апатқа жол бергені үшін бірнеше лауазымды тұлға жазаланды. Президент өкімімен бұрынғы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Қарулы күштер жүйесінен шығарылса, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктерге жол берген Қорғаныс министірінің бірінші орынбасары және Қарулы Күштері бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа, бұрын бірінші вице-министр болған Мұрат Майкеевке, түрлі жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары болған Талғат Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды

Көктөбенің жасыл желегі

Алматы қаласына іссапармен келген Президент қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа Көк-Төбедегі кесілген ағаштар үшін сөгіс жариялады.

Осень листья Күз жапырақтар Коктюбе
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Швейцарияда үш жыл жұмыс істедім. Онда ағаштарды заңсыз кесу, тіпті бір ағашты кесіп тастау ауыр қылмыс болып саналады. Себебі, ол - бүкіл халықтың ортақ мүлігі.

Көк-Төбедегі алма көшеттері сын көтермейді. Осыған байланысты әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаймын. Игі істі жоқ қылдыңыздар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Коронавирус

Мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте өздеріне жүктелген міндеттерді шала орындаған бірқатар шенеуніктің жұмысын сынға алды.

Осылайша жұмысына салғырт қарағаны үшін Шымкент қаласының әкімі болған Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі болған Оңдасын Оразалинге, Павлодар облысының әкімі болған Әбілқайыр Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары болған Ералы Тоғжановқа сөгіс жарияланды.

Қазақстандықтар әлі де коронавирус жұқтырып жатыр
Фото: Kazinform

 

Ал сол кездегі елорда әкімі Алтай Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту жасалды.

Қайта келген шенеунік

2021 жылдың тамыз айында Мемлекет басшысы сол кездегі Жамбыл облысының әкіміне сөгіс жариялады. Бердібек Сапарбаев 2019 жылы Президент тапсырмасымен қызметтен босатылған шенеунікті жауапты қызметке тағайындаған болып шықты. Іле-шала Бердібек Сапарбаев облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Досаевты қызметінен босатты. Бұл адам 2019 жылдың қараша айында қала мектептерінің бірінде 12 жастағы қызды зорлау оқиғасына байланысты Тараз қаласының әкімі қызметінен босатылған еді.

Әдеп бұзған елші

Президент Тоқаев бұл кезде Мысырдағы елші Қайрат Лама Шарифке сөгіс жариялады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шарифке ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 9-тармағының талаптарын сақтамағаны үшін сөгіс жариялады», - деп жазды Борт №1» Telegram-арнасы (қазір атауы Aqorda).

Лама Шариф өзінің Facebook парақшасына Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы Астана атауын қайтару туралы, Қазақстанды Қазақия деп өзгерту туралы өз ойын жазған еді.

Қант және киік

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке қант тапшылығын реттей алмағаны үшін, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке киік санын реттеу жұмыстарын дүрбелеңге айналдырғаны үшін сөгіс жариялады.

Семей орманы

Абай облысындағы орман өрті қайта құрылған өңірдің жаңа әкімін қызметтен алып түсе жаздағаны ел есінде. Алапат өрт 15 адамның өмірін әкеткені ресми хабарланған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа Семей орманындағы өртке байланысты өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.

орман өрті
Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

 

«Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. 14 адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па?» - деді Президент сөгіс жариялай отырып.

Семейдегі өрт
Фото: Ақорда

 

Тасқын

Биылғы тасқындар елдің бірнеше өңіріне жайылып, 100 мыңнан астам қазақстандықтың өміріне кесірін тигізді.

Президент табиғи апатқа қарсы уақтылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Ал Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Паводки Су тасқыны Атбасар
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар