Арыстанбаб пен Ясауи кесенелерін жалғайтын 4 жолақты жол қашан аяқталады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Қазіргі таңда Түркістан-Шәуілдір бағытындағы ұзындығы 64,1 шақырым автожолды кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Аталған жолды қайта құру жобасы 2022 жылы басталған.

трасса
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform

Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі мен Отырар қалашығына, сондай-ақ Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де зиярат етушілер көптеп келеді.

Бұл тұрғыда Түркістан-Шәуілдір бағытында салынып жатқан 4 жолақты автожолдың туризм саласын дамытудағы маңызы ерекше.

Бүгінгі таңда күре жол құрылысының 53 пайызы аяқталған. Биыл жыл соңына дейін жолдың 34 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған.

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жобаның жалпы құны — 55,2 млрд теңге. Қайта құру жұмысы 4 учаскеге бөлінген.

жол
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform

— Жобаға сәйкес, қолданыстағы 2 жолақты, ені 7 метр жол қазір 4 жолақты болып, яғни ені 15 метрге кеңейтіліп жатыр. Жолдағы көпірлер мен су өткізгіш құбырлар толық қайта құрудан өтеді, көлік жүргізушілер үшін демалыс орындары, әжетханалар қарастырылған. Сонымен қатар, елдімекен іштерінде суағар, жарықтандыру, бағдаршамдар, аяқжол және аялдамалар орнату көзделген. Қазіргі таңда жолдың III, IV учаскелерінде жұмыстар толық аяқталып, нысандарды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, — делінген ведомство ұсынған ақпаратта.

Одан бөлек, аталған жолдың I, II учаскелерінде (30 шақырым) қайта құру жұмыстарына тиісті қаржы қаралған.

п
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform

Онда 9 жерде айналма жол салынып, су өткізгіш құбырларын ауыстыру және жол негізін салу, теміржол өткелін салу, асфалт жабынын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме — «Алем Транс Жол» ЖШС. Нысанның қайта құру жұмыстары 2026 жылға өтпелі.

Жоспарға сәйкес, 2027 жылы жолдың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

а
Фото: Сәбит Тастанбек / Kazinform

Бұдан бұрын Түркістан-Кентау тасжолында кісі өлімі көбейгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар