Арқалықта мектептің шатыры өртенді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай облысының Арқалық қаласында №5 орта мектептің төрт қабатты ғимаратының шатыры өртенді.

Арқалықта мектептің шатыры өртенді
Фото: видеодан алынған скрин

Төтенше жағдай туралы хабар түскеннен кейін үш минут ішінде оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері жеткен.

ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар келген кезде ғимараттың шатыры ашық жалынмен жанып жатқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт аумағы 1100 шаршы метр.

Өртті сөндіруге өрт сөндіру бөлімшелері мен ТЖМ жедел-құтқару жасағы жұмылдырылды. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы да жұмыс істеп жатыр.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

Сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін нысаннан 300 метр қашықтықта орналасқан екі өрт гидранты пайдаланылып жатыр.

Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.

Айта кетелік бүгін Ақтөбеде қоқыс полигонынан өрт шыққан еді.