Арқалық түрмесінің маңынан үш күдікті азамат ұсталды

Бейнебақылаудың көмегімен әлгі азаматтардың режімдік нысанға есірткі лақтырғаны анықталды, деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінен.
Департамент бастығының орынбасары Ризабек Дәулетовтың айтуынша, кеш батып қалған кезде белгісіз бір азаматтың түрменің негізгі дуалы арқылы ішке қарай белгісіз түйіншек лақтырғанын бақылау бейнекамерасы түсіріп алады. Кейіннен, әлгі түйіншекте жалпы салмағы 122 грамдай марихуана болғаны анықталады.
Келеңсіз жағдайды байқвп қалған кезекшінің соққан дабылынан кейін шұғыл түрде оқиға орнына жүйе қызметкерлері жіберіледі және полицияның жергілікті бөлімінен жедел топ шақыртылады.
Қылмыстық-атқару жүйесі мен полиция қызметкерлерінің бірлескен іс-қимылдарының арқасында, түрме маңын торуылдап жүрген үш азамат ұсталды. Ұсталғандар абақтыға жабылды, тергеу амалы жүргізіліп жатыр.