Арқалықта пара алған жол полицейіне 1,8 млн. теңге айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Арқалық қаласының ішкі істер басқармасының ғимаратында жеке құрам алдында судья К.Ақшаловтың төрағалық етуімен жергілікті автоинспектор О.Смайловқа қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлады «Қостанай таңы» газеті облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Арқалықта пара алған жол полицейіне 1,8 млн. теңге айыппұл салынды

Сотталушы көлік жүргізушісі азамат Ж-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмау үшін одан 30 000 теңге пара талап еткен. Жол полициясы қызметкері жүргізуші пара беруден бас тартқан жағдайда, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, 100 000 теңгеге айыппұл тағайындайтынын айтып, қорқытқан.
Арқалық қалалық сотының үкімімен О.Смайлов ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі бойынша (пара алу) айыпты деп танылды.
Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, талап еткен пара мөлшерінен алпыс есе артық көлемде, яғни 1 800 000 теңге айппұл салу және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.
ҚР ҚК-нің 49-бабына сай сотталушы «полиция аға лейтенанты» арнайы шенінен айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.