Арқарлы асуында түрік қағанаты жауынгерлерінің тасқа салынған суреті табылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мамандары жүргізген зерттеулері нәтижесінде Арқарлы тауларында тасқа салынған суреттер табылды. Түрік қағанаты дәуіріндегі эпикалық шайқас петроглифтері — солардың бір тобы.
Археолог, экспедиция жетекшісі Александр Горячевтің айтуынша, Арқарлы тауында петроглифтердің ауқымды бірнеше кешені бар.
— Тасқа қашалып салынған суреттен қолдарына желбірете ту ұстаған бір топ салт атты сарбаздың шайқасын көруге болады. Олар — VII ғасырдағы түрік жауынгерлерінің бейнесі. Сондай-ақ, Түрік қағанатының алғашқы билеушілері — Ашина руының таңбасы табылды. Бұл түріктердің жужандарға қарсы шыққан шайқасы болуы мүмкін, — дейді Александр Горячев.
Айтуынша, бұл әлемде теңдесі жоқ бірегей тарихи ескерткіш.
— Кескін қиыршық тас зауытының жұмысы салдарынан қатты бүлінген, болашақта бірнеше шаршы метрді алып жатқан жауынгерлік пано толығымен қалпына келтіріледі деп үміттенеміз. Шайқас сахнасы — Арқарлы тауындағы 38 жотадан табылған 4 мыңнан астам петроглифтің бір ғана ескерткіші. Суреттер кең кезеңді қамтиды — ерте қола дәуірінен (шамамен 4 мың жыл бұрын) XIX ғасырға дейін. Мұнда 40-тан астам көне және ортағасырлық қоныс пен мыңнан астам бейіт табылды. Онда негізінен жауынгерлер жерленген, — деді археолог.
Александр Горячевтің сөзінше, әскери қорымдардың саны көне заманда және ерте түркілер дәуірінде Арқарлы маңызды әскери нүкте, кейінірек киелі орын болғанын көрсетеді.
Бұдан бөлек, ол Арқарлы петроглифтерінде жалайыр, албан руы мен төленгіттердің таңбалары бейнеленгенін жеткізді.
Осыған дейін «Арқарлы тауының петроглифтері» атты монографияның жарыққа шыққаны туралы жазған едік.
Бұған дейін Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары Арқарлы асуын зерттеп, таңбалы тастар мен обаларды, мыңдаған жыл бұрынғы қоныстарды тіркеп, қағаз бетіне түсіргенін хабарлаған едік.
Кейін Арқарлы петроглифтерін сақтау мемлекеттік органдардың бақылауына алынып, Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді.