Әркімде мен болсын деп...

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мен» ұғымына әркім әркелкі анықтама бергенімен бәрінің түйі­- сетін ортақ нүктесі бір, ол - сый­лы­лыққа ұмтылу дегенге саяды, деп жазады "Айқын" газеті.

Әркімде мен болсын деп...

Әр­­кімде, яғни қоғамның әр мү­ше­сінде өзіндік «мен» болуы тиіс. Олай бол­­маған жерде кім де болса құл­дық­ты мойынсыну жағдайына ауысады. 

Саясат әлеміне танымал ғалым И.Кант былай дейді: «Адамзат өмірінде терең күйзелістер, ғажап төңкерістер қоғамды оның ең терең негіздеріне дейінгі жағдайға қоз­ғалта алатын кездер болады. Та­рих­тың осындай сәтінде адам одан әрі сол өмірді жылжыту мүмкін емес­тігін сезіне бастайды. Осындайда қандай да бір ұлы оқиғалар тарих жібін кенеттен үзіп, адамзатты ба­тып қалған қалпынан шығаруы тиіс те, жаңа жолға - белгісіз салаға жаңа мұраттар іздеуге итермелеуі қажет».
Осынау тұжырымның ақи­қат­тығы сонда, адамзат ежелден-ақ өзіндік «мен»-ді сақтауға барынша күш салып келген. Айталық, мус­лимун дінінің бірінші тармағы иудаизм болса, оны таратушы Мұса пайғамбар перғауындар бодан­ды­ғында болған Исраил ұрпақтарын­-да ұлттық - қоғамдық «мен»-ді оятып, соңына ергендерін Синай түбегіне жеткізеді емес пе?! Бұл күндері еврей деген ұғымға әркім әрқалай баға береді. Бірақ солар­-дың бәрі де білімділік пен өмір­шеңдік еврей халқына тән құбы­лыс екенін мойындайды. Біздің бір ақын қазақты «мың өліп мың ті­ріл­ген» деп жырлаған еді. Ал еврей хал­қы болса, мұндайды сол Мұса пайғамбар соңына ергеннен күні бүгінге дейін бастан кешіп келеді. Сонда да өлім түгіл еңсенің түсуі жоқ. «Қатты жарақат» алса да еврей ұлты көп ұзамай қайта түлеп шыға келеді. Міне, ұлттық меннің не бе­ре­тінін осыдан-ақ көруге болады. Сондай-ақ бірінші Петр патша орыстарда ұлттық «мен»-ді ояту үшін баярлардың қауғадай сақалын кесіп тастауға дейін барған екен. Ал Лев Толстойдың әлемге танымал «Со­ғыс пен бейбітшілік» эпопея­сы­ның шамамен ширегі француз ті­лінде жазылған. Оның себебі да­нышпан автордың сол кездегі орыс элитасындағы нақты жағдайды қаз-қалпында беру еді. Француз тілін білмегенді «надан» деп түсін­-ген орыс нигелизмі осылайша, қатты сынға алынды. Осындай өзін-өзі сыйлаудан қалған орыс халқында Владимир Ильич Ленин бастаған большевиктер партиясы ұлттық «мен»-ді оятып, жоғарыда ғалым айтқан төңкерісті өмірге әкелді де ұлтты толығымен түлетті. Орыстар ғылымның небір құпиясын аша ал­ған ұлт болып шықты. Орыс тілі бұл күнде халықаралық тіл ретінде Бі­ріккен Ұлттар Ұйымы мойындаған игілік болып тұр. Мінекей, ұлттық «мен» оянғанда қолдан не келетінін осыдан-ақ білуге болады. 
Елбасымыз Мәңгілік ел мұ­ра­тын күн тәртібіне шығарғанда не­-гізгі мақсат қоғамның санасында ұлттық «мен» оянатын іс істеу екені баршаға белгілі. Өйткені біз «2050 страте­гиясын» және халықа­ралық мақ­саттарға қызмет ететін соған орай жоғары талап деңгейін­дегі жол және логистика жүйесін жасау мақсатында «Нұрлы жол» бағ­дарламасын жасап, жүзеге асы­руға кіріскен ел едік. Оқыр­ман бұл екі бағдарламаның не беретінін то­лық біледі деп ойлай­мын. Солай болса да «2050 стра­те­гиясы» жүзеге асқан шақта Қазақ­стан әлемдегі дамыған 30 елдің са­пында болып, халықтың тұрмыс деңгейі таңға­лар­лықтай жоғары сапаға көтерілеті­-нін, ал «Нұрлы жол» бағдарлама­сы жүзеге асқанда да дәл сондай сапа­лық деңгей өміріміздің сипатына айналаты­нын айта кетпекпін. Бү­гінгі жағ­дайымызды білетін әркім «бұл қиял ғажайып, тым жоғары сапа және оған жету мүмкін емес» деуі мүмкін. Солай бола тұрса да бағ­дар­ла­малардың мүмкіндік шең­берінде жасалған, ал Мұса пайғам­барға еріп, Синай түбегіне жеткен кезде еврейлерде ешқандай мүм­кіндік болмағанын, солай бола тұр­са да әр еврей өзі үшін ертегідегідей жағдай жасай алатын биікке көте­рілгенін ерекше атап өткім келеді. Ұлттық «мен» оянған жерде қолдан келмейтін ештеңе жоқ. Екінші дү­ниежүзілік соғыс қорытындысын­да «капитуляцияланған» екі ұлт не­містер мен жапондар қысқамер­зім ішінде күйреген экономикасын қалпына келтіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге адамзаттың ең ал­дыңғы сапындағы қиял-ғажайып жаңалықтарды, жақсылықтарды, жай­лылықтарды өмірлерінің си­паттамасына айналдырып жіберді. Демек, ұлт Көшбасшысы алға асқа­ралы міндеттерді шығара отырып, қоғамымызда ұлттық «мен»-ді ояту игілігін де Мәңгілік ел ұстаны­мымен өмірге әкелді. Осы уақытқа дейін-ақ шетелдік және отандық саясат­кер­лердің көбісі айтып үлгер­геніндей «Мәңгілік ел» мұраты Н.Назарбаев­тың қоғамымызда ұлт­тық «мен»-ді оятудың жақсы не­­гізі. 
Адамзаттың арғы-бергі та­рихы­-на үңілсек, ұлттық «мен»-ді ояту­-дың, негізінен, екі түрлі жолы бол­ған екен. Біріншісінде, бір ұлтты қалған ұлттардан жоғары қою сая­саты. Мұның қателігі соншалықты қатерлі екенін Екінші дүниежүзілік соғысты тұтатушы фашизм әреке­ті­нен айқын көрініс тапты. Сондай-ақ Иосиф Сталин Ұлы Отан соғысы кезінде КСРО-ның басым көпші­лігін құрайтын орыс халқының ұлттық «мен»-ін оятуға арқа сүйе­ді. Кейіннен бұл В.Ленин ес­керту жасаған кезіндегіден де қуатты «орыс шовенизміне» жалғасты. «Русский лес», «русские пельмени», «русский характер» деген сөз тір­кестері керекті-керексіздігіне қа­рамастан, кез келген жерге тықпа­лана берді. «Не русский» дейтін сөз тіркесі Кеңестер Одағындағы кем­сіту­шілік көріп жүрген халыққа та­ңылатын. Ал «русская зима» делін­ген бір іс-шара той ретінде бар­ша­ға танылды. «Проводы русской зимы» делінетін бір мереке бол­ғаны естен кетпейді. Қысқасы, орыс «мен»-ін оятамын деушілер ақы­рында осынау бір еңбекқор да та­лантты халықтан КСРО құрамын­дағы басқа ұлттарды жеріндіретін­дей жағдайға әкеп тіреді. Меніңше Кеңестер Одағының ыдырауында осындай бір себеп жатты. Ал енді қо­ғамдық «мен»-ді оятудың екінші бір жолына талдау жасап көрейік. Оның мысалы, бүгінгінің алпауыты адамзаттың көпшілігінің қиялы да жете бермейтін ақиқатты өмір шын­дығына айналдыра алған Америка құрама штаттары. Бұл о баста Бри­тания біріккен корольдігің сол құр­лықтағы колониясы болатын. Бұған наразы топ қоғамда ұлттық «мен»-ді оятып, сол арқылы ағыл­шын би­леушілерін елден қуып шығып, ел­дің тәуелсіздігін жариялады. Сол шақтан бастап, бұл мемлекет өрлеу­ге ұмтылды. Ескерте кетейік, қоғам­ның басым көпшілігі ағылшын тіл­-ді болғанымен мұнда сол кездің өзін­де-ақ, италяндар да, француз­дар да, немістер де, испандар да, порту­галдар да, чехтар да, еврейлер де болған. Ал қазір жер бетіндегі бар­лық халықтың өкілі осы мемлекетте тұратын шығар. Бірақ қоғамның түсінісу және ресми, мемлекеттік тілі жалғыз, ол - ағылшын тілі. Бұл күндері ағылшын тілі халықара­лық деңгейде қолданылып жүрген тілдердің ішіндегі ең кең тарағаны болса, онда оған себепкер Англия емес Америка екенін түсіну қиын емес. Ал мемлекет азаматтары әуел­гі ана тілдерінің емес АҚШ мемле­кеті­нің мүддесін қорғаушыға айна­лып кеткен. Сөйтіп, сан ұлттың өкілі бір қоғам болып құрылып, ол қоғам бүкіл адамзат сыйлайтындай ға­жайып­тарды жасады. Мемлекет уақыт озған сайын гүлдене түсуде. Тіпті кейбір саясаткерлер АҚШ деп аталатын мемлекеттің «күйреуі алыс емес» десе де бұған кінәлі қо­ғамдық түсініспеушілік емес, тек қар­­жы-экономикалық қатынастың әлем қолдамайтын бүгінгі жүйесі де­генді айтады. Қысқасы, бір ұлтты басқадан артық қоймай, керісінше, бір мемлекеттегі тұтастықты сақтай отырып, дамудың небір ертегідей болмысын өмір шындығына ай­налды­руға болатынын осыдан бай­қаймыз. 
Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев Мәңгілік ел мұратын жарияла­ған соң-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­си­теті­нің ректоры С.Піралиев ұжым­дағы білікті ғалымдарды жинап, Елбасымыздың бұл ұсынысы қо­ғам­ды ерлікке пара-пар іске жұмылды­рушы күш болуға лайық екенін айрықша мәлімдей отырып, осы та­қырыпты арнайы оқытылатын пән мәніне көтеру керектігін, ол үшін арнайы оқулық кітап жазы­луы тиіс екенін айтты. Кітапты жазу жоспары да көп ұзамай бекітілді. Сөйтіп, мазмұны 15 тарауды қам­тыған үлкен оқулық-кітап жазылып шықты. Бұл күндері ол баршаның игілігіне айналып кеткен. Кейінгі сөздерінің бірінде Елбасымыз бұл еңбекті жоғары бағалап, оны елі­міз­дің барлық оқу орындарында оқыту туралы ұсыныс жасады. Сол кітапта қамтылған ойлар мыналар еді: 
Бірінші тарау. Қазақстан Рес­публикасы Президентінің страте­гия­лық құжаттары және Қазақстан халқына Жолдаулары аясындағы қазіргі Қазақстанның ұлттық идея­-сы мен ұлттық сапасы. 
Екінші тарау. Адам санасы құры­лымындағы ұлттық өзіндік сана.
Үшінші тарау. Этникалық әлеу­мет­тендіру және бірегейлік - тұл­ға­ның ұлттық сана-сезімін дамыту­-дың негізі. 
Төртінші тарау. Мәңгілік ел ұлт­тық идея контексінде болашақ ма­мандарға ұлттық тәрбие беру.
Бесінші тарау. Менталитет - ел­дік жаңғырудың сапалық өлшемі және өрісі. 
Алтыншы тарау. Қазақтың ұлт­-тық мәдениеті және оның болашақ ма­ман тұлғасының ұлттық санасын қа­лыптастырудағы рөлі. 
Жетінші тарау. Қазақ халқының философиялық ойының оның ру­ха­ни мәдениетінің қалыптасуына әсері. 
Сегізінші тарау. Қазақ елі идея­сы­ның қалыптасуы мен даму та­рихы. 
Тоғызыншы тарау. Ұлттық тіл - ұлттық сана-сезім діңгегі ретінде.
Оныншы тарау. Қазақ отбасын­дағы бала тәрбиесі. 
Он бірінші тарау. Қазақ халық педагогикасындағы әдеп негіздері. 
Он екінші тарау. Дін - қазақ хал­қының ұлттық мәдениетінің құ­рамдас бөлігі және оның халықтың ұлттық сана-сезімін қалыптасты­ру­дағы рөлі. 
Он үшінші тарау. Ұлтаралық қа­тынас мәдениеті.
Он төртінші тарау. Жастардың саламатты өмір салты - салауатты ұлттың қалыптасу негізі. 
Он бесінші тарау. Болашақ ма­ман­дардың интеллектуалды әле­уетін дамыту. Ұлттың бәсеке­лестікке қа­білеттілігінің негізі.
Оқырман байқаған шығар, кі­тапты жазушы топ негізгі мақсатты жоғарыда айтып кеткен ұлттық «Мен» әр жастың санасында оянуы­на жұмылдырдық. Бұған себеп дүниежүзінің алдыңғы қа­тарлы 
30 елі­нің сапында боламыз десек, мұндай асқаралы міндетті орындау үшін қоғамның әр мүше­сінің сана­сында өзіндік «Мен», нә­тижесінде, баршада қоғамдық-ұлт­тық «мен» орнықтыру қажет деген заңдылық. Шын мәнінде, әркімнің өзіндік «мен»-і, солар арқылы қо­ғамда қа­лыптасқан ұлттық «Мен» болмаған ел ештеңе бітіре алмай­-тын тобыр ғана. Сол себептен елі­міздің қаржы-экономиикалық са­ласында жүрген отандастар өз мін­деттерін орын­дау­ға қалай құлшын­са, ұрпақ тәрбие­сінде жүрген біз әркімнің тұлғалық қасиетін көте­руге, соның нәти­же­сінде, қазақ­стандықтардың отан­шылдығын арт­тырып, олардың да санасында бір мақсатқа жұмылған «мен қазақ­стандықпын, мен қа­зақпын» деген ұлттық «мен»-ді қалыптастыру үшін бар мүмкін­дікті жұмылды­ру­ға тиіспіз. Ұлттық «Мен» адамзат та­рихында әрқа­шан да төңкеріс­тік деңгейдегі ұлы жаңғыруларды жасау тұсында кө­рініс тапқанын жоғарыда айттық. Ал Қазақстан болса дәл қазіргі таңда Көшбасшы­мыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың тікелей ұсынысымен жа­салған «2050 стратегиясы» бойын­-ша жұ­мыс істеп жатыр. Біле-білген адамға бұл, сөздің тура мағына-­сында төң­керістік жаңғыру жос­-пары деуге бо­ла­тын бағдарлама. Сөзімізді бір ғана мысалмен дә­лелдейік: егер күні бүгінге дейін Қа­зақстан экономи­касындағы ши­кізаттың үлесі шама­мен 70 пайызды құрап келсе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш көп де­генде 30 пайызбен шектеліп, 70 па­й­ызды «ақылды экономика» өнім­дері иемденетін болады. Сондай-ақ мұндай өнді­-рісте интеллектуал­ды­ғы жоғары мамандар жұмыс істеуге тиіс екенін ойласақ, еліміздегі жұ­мысшы тобы­ның сапалық құрамы қаншалықты жоғарылайтынын аң­ғару қиын емес. Өз басым көпте­ген отандастар се­кілді «2050 стратегия­сы­ның» орын­да­латынына толық се­немін. Себебі бұған қажетті шарт­тардың бәрі бізде бар. Табиғи қор жеткілікті. Қара­жаттан да қиындық көрмейміз. Шетел инвесторлары­ның біздің елге тікелей инвести­ция құюы уақыт озған сайын өсіп келеді. Сондай-ақ, Елбасымыздың «интел­лектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интел­лектуалды ұлт қалыптастыру» жө­ніндегі ар­манына қол жеткізу үшін құйып жатқан инвестиция да уақыт озған сайын үстемеленіп барады. Осы­лар­дың өздері-ақ ұлттық толық жаң­ғырудың ақиқатқа айналаты­ны­на сендіреді. 
Бір заманда ұлттың оқығандары «оян, қазақ» дегенін білеміз. Ақи­қатқа тура қарасақ, ХХІ ғасырда да «ұйқылы-ояу» жүрген ұлт жастары аз емес. Кейбіреулері қасиетті дін жолын қуамыз деп мүлде жат ағым­дардың құрығына ілініп, құрбан бо­луда. Ал біз білетін Ислам діні V ғасырдағы надан, сол себептен аз­ғындық әрекеттердің неше түр­лерін жасауға барған арабтарды өмір сүрудің дұрыс жолына салған еді. Сондықтан да біз Мәңгілік ел оқулығында ұлттық «мен»-ді ояту­дағы қасиетті дініміздің тәрбиелік маңызына да ерекше орын бердік. 
Философтар «жас ұлт - талантты қоғам» дегенді айтады. Ал қазақ болса, ХV ғасырдан бастап қалып­тас­қан деген ұстанымды айтып жүрміз. Ендеше, ұлтымыздың та­лант­тылығына ешкім дау айта қой­мас. Олай болса, тек өзімізді өзіміз «қамшылау» ғана қалғандай. Ұлт ұстазы Абай абыз айтқанындай «бол­масаң да ұқсап бақ, бір ғалым­-ды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» тұжы­рымын еске тағы бір түсірген жөн. Ағылшынның, жапонның, француз бен немістің, кәріс пен қытайдың қолынан келген іс біздің қолдан кел­­меуі мүмкін емес. Олар ұлт ретінде жаңғырып табиғи қоры мүл­де жоқ жерлерінде бүгінгідей «жұ­мақ» орната алды. Демек, бұл ұлт­-тық сілкіністің бергені деп қа­расты­ры­луы керек. Қазақ та, солар секілді бір сілкінсе, барлық арман ақиқат­-қа айналары сөзсіз. 
Н.Назарбаевтың Мәңгілік ел мұратын жариялағанда басты ар­маны қазақтың, қазақстандық­тар­дың ұлттық, қоғамдық «Мен» қа­сиетіне қозғау салу болғаны даусыз. Өйткені қалай болғанда да мына қатыгез нарықтық экономикалы қо­ғам деп аталатын жағдайда өмір сүріп жатқанда бірде-бір адам өзін­дік «Мен»-сіз өмір сүре алмайды. Сол секілді қоғамда да ұлттық «Мен» болуы басты шарт. Иә, біз жұрттың қолынан келгенді жасай алатын ұлтпыз, қоғамбыз деп айту үшін де әркім еңсесін көтеріп, өмір сүруге ұмтылғысы келсе бұл істі ертеңге қалдырмай бүгін бастауы керек. «Ер­теңшілдер» әрқашан да кеш қал­ған, соны ұмытпайық. 

Жанатбек ІШПЕКБАЕВ, саяси ғылымдар кандидаты, профессор, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет проректоры