Армандар орындалатын Астана: «Бас қалаға келіп, бағым жанды» дейтін жұрт көп
АСТАНА. KAZINFORM – Астананы адам бейнесіне айналдырса, ол әуелі Эйнштейнге ұқсар еді. Эйнштейн қиындықтар мен түйткілді мәселелер арасынан қолайлы мүмкіндіктерді талмай іздеп, табысқа жеткен. Ал елорданың бүгінгі бейнесі Ньютон ашқан бүкіләлемдік тартылыс заңын еске салады. Астананың да гравитациялық күші бар. Ізденімпаз, тәуекелшіл, жаңашыл, бастысы өзгерістен қашпайтын, өзгеруден қорықпайтын адамдарды, әлемді өзгертіп жатқан жаңа технологияларды өзіне тартып тұрады. Бұл туралы елордалықтар Президент телерадиокешені дайындаған деректі фильде әңгімелейді.
Қала халқының саны 1997 жылы, яғни «астана» мәртебесін иеленген кезде 300 500 адам болған, ал 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша 1 490 740 адамға жетті. Бас шаһарға жыл сайын 50 мыңнан 100 мың адамға дейін көшіп келеді.

«Қаламыз дамып жатыр. Жыл сайын қала өсіп келеді. Қалада тұратын халықтың саны да өсіп жатыр. Мысалы, соңғы үш жарым-төрт жылдың ішінде қала тұрғындарының саны екі жүз, екі жүз елу мың адамға өсті. Жыл сайын қалада отыз, отыз бес мың бала дүниеге келеді және басқа өңірлерден де келіп жатыр. Ол не деген сөз? Ол — болашақ бар деген сөз», — дейді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Елордада терезеден сыртқа көз тастасаңыз, талмай еңбек етіп жатқан адамдарды көресіз. Себебі, Астана — еңбектің қаласы.

«Астана маған ертегі әлемі секілді, бір үміті үзілген адамның үмітін жалғайтын ерекше қала, мүмкіндігі өте көп. Тек адамда ниет болу керек, талпыныс болу керек. 16 жыл болды, бір мамандықта, осы кран саласында істеп келе жатырмын. Жалпы, адам Астанаға жай келмейді ғой, бір арманмен, мақсатпен келеді. Мен жалғызбасты ана болғаннан кейін ұлым мен қызымды өзім жеткіземін, аяққа тұрғызамын деп келдім. Ұлымды колледжде оқыттым. Қызым оқуға Кипрге кетті. Армандарымның бәрі орындалып жатыр. Астанамыздың мерейі өскен сайын менің де мерейім өседі», — дейді кран машинисі Жұлдыз Теңізбаева.
Астана бүгінде адам өміріне қолайлылығы жағынан да дамып келеді.

«Бүгінде елордада көп орталықты модель дамып келеді. Әр ауданда өз мектебі, балабақшасы, саябағы болады дегендей. Қазір қалада 6 аудан бар. Олардың әрбірінде адамдардың өмірін ыңғайлы ету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан да Астана қазір өмір сүруге өте қолайлы қала саналады», — дейді Астана қаласы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.
Жайлылық болған жерде табиғи өсім де болатыны анық. Соңғы жылдарда бас шаһарда бала туу көрсеткіші артып, өлім-жітім азайған. 2023 жылы 29 415 сәби дүниеге келді. Орташа жас 30-ға дейін төмендеді. Өмір сүру ұзақтығы — 77,3 жас.
Ал халық саны қарқынды өскен жерде инфрақұрылымды қалыпты түрде дамыту қажет екені — анық дүние. Балабақша, емхана, спорт кешені — бәрі керек. Бірақ бәрінен бұрын мектеп керек.
Биыл Астанада 28 мың бала бірінші сыныпқа барды. Сондай-ақ 28 мың оқушыға арналған 17 жаңа мектеп ашылды. Оның 10-ы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Қазір елордада 188 мектеп бар. Онда 282 150 оқушы оқиды.

Әйгерім Бауыржанқызы Астанаға 2021 жылы Көкшетаудан көшіп келген. Қазір ол № 91 мектеп-гимназиясында биология пәнінен сабақ береді.
«Бізде, мысалға, Ботаникалық бақ бар. Ботаникалық бақта тропикалық өсімдіктер өседі. Соны сабақпен ұштастырып байланыстыруға болады. Тағы да бір айтып кететін ерекшеліктердің бірі — бізде Ұлттық биотехнология зертханасы бар. Осы зертханада жұмыс істейтін жеке тұлғаларымыз болашақта әртүрлі өсімдікті өсіру, әртүрлі жемістерді сұрыптау мақсатында зор жетістікке жетеді деген ойдамын», — дейді ол.
Қала табиғатпен үйлесімде болғанда, физикалық кеңістік қана емес, сондай-ақ жан-жақты дамудың, бақытты өмірдің және тың мүмкіндіктердің ошағына айналады. Осыған орай, бас шаһарда «жасыл қала» идеясын іске асыру көзделген. Биыл 1 млн 100 мыңдай жасыл желек егіліп, 170 қоғамдық орын абаттандырылды.
Астанада суға сұраныс жыл сайын қарқынды артып келеді. Мәселен, 2018 жылы елорда халқы тәулігіне 269 мың текше метр су тұтынса, қазір бұл көрсеткіш 340 мыңға дейін жетті. Осы қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін биыл үшінші су стансасы іске қосылды. Сондай-ақ «Астана су» қоймасынан бөлек, ауыз судың резервтік көзін құру жөнінде шаралар қабылданып жатыр.
«Былтыр жаздың басында қалада су тапшылығы болған. Бір жылдың ішінде бұл мәселе шешілді. Қазір қалада жүз мың текше метр су профициті бар», — дейді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қазір бас қалада бес жылу станциясы жұмыс істейді. Былтыр күзде «Оңтүстік-Шығыс», «Тұран» газ жылу станциялары және үшінші жылу электр орталығы іске қосылған. Соның нәтижесінде Астанаға қажетті жылу беріліп жатыр.
«2023 жылдан бастап қаланың қарқынды өсуіне байланысты бізде жаңа энергия көздері іске қосылған болатын. Бұл ТЭЦ-3, оның қуаттылығы 440 гигакалорий. ТЭЦ 3-тен бөлек бізде Қазақстан бойынша аналогы жоқ екі газ жылыту станция іске қосылған болатын. Кейбір аудандарда мысалға жеке секторда жылу желілері жоқ. Сол себептен олар бұрыннан бастап біздерде көмірді тұтынады, сол жердің халқы сол себептен қаламызда біздерде газдандыру бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы газдандыру өте үлкен жоба болып табылады. Бұл 2019 жылы іске қосылған Сарыарқа газ құбыры салынғаннан кейін бізде әкімдікпен тұрғын алаптарда газ жүйелерін тарту бойынша үлкен жұмыстар басталды», — дейді Астана қаласы энергетика басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Есмағұлов.
Астана мәртебесін алған сәттен бастап қаланың экономикалық әлеуеті 500 еседен өсті. Қазір елорда экономикасы елдің жалпы ішкі өнімінің 10 пайызынан астамын құрайды. Бас қалада кәсіпкерлік саласында 500 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мәселен, тұрғындардың 70 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді.
«Армандар орындалатын Астана». Президент телерадиокешені түсірген деректі фильмді бүгін сағат 15:00–де Jibek joly телеарнасынан көре аласыздар.