Арманым — олимп шыңын бағындыру — Зейнеп Баянова

ОРАЛ. KAZINFORM — Жуырда батысқазақстандық балуан Зейнеп Баянова әйелдер күресінен Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Бұл — оның ересектер арасында жарыстағы алғашқы медалі. Сонымен қатар іле-шала 23 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан чемпионы болып оралған спортшымен Kazinform тілшісі сұхбаттасқан еді.

Арманым — олимп шыңын бағындыру — Зейнеп Баянова
Фото: Зейнеп Баянованың жеке мұрағатынан

— Зейнеп Мәлікқызы, жеңісің құтты болсын! Алдымен спорттық жолыңа тоқтала кетсең?

— Мен өзім Ақжайық ауданы Чапаев ауылында туып-өстім. Жалпы, отбасым өте үлкен, ата-анам және бес бауырым бар. Спортқа кішкентай кезімде өзімнің туған әпкем Мәликаның арқасында келдім. Бастапқыда ол мені өзімен бірге ынтам бар ма деп, күрес залына бір-екі рет апарған. Содан осы спорт түріне қызығушылығым оянып, бірте-бірте жаттығуға да, жарысқа да үйреніп кеттім. Отбасында әзірге спорт жолына түскен өзім ғанамын. Дегенмен кішкентай сіңлілерім бар, олардан үмітім жоқ емес.

— Алғашқы және қазіргі бапкерің жөнінде не айтар едің?

— Бастапқыда туған жерім — Ақжайық ауданында Рулан Хамзиннің қоластында жаттықтым. Қазіргі таңда жеке бапкерім — Мұсабек Нарегеев. Осы ағалардан көп нәрсені көкейге түйдім. Олар ерінбей-жалықпай, күреске баулып, әдіс-тәсілдерді үйретті. Өз мақсатыңа жету жолында қайтпас қайсарлық керектігін ұғындырды. Сол үшін шын жүректен алғысымды айтамын.

Арманым — олимп шыңын бағындыру — Зейнеп Баянова
Фото: Зейнеп Баянованың жеке мұрағатынан

— Осы уақытқа дейін қандай табыстарға қол жеткіздің?

— Ең бастыларын айтсам, 11 дүркін Қазақстан чемпионымын. Оған қоса Азия чемпионатының екі мәрте күміс және төрт дүркін қола жүлдегерімін. Дегенмен биылғы ересектер арасында Азия чемпионатында алған қола медальдің әзірше мен үшін жөні бөлек. Ересектер арасында алғаш рет сынға түскендіктен, өте қиын болды. Тынбай жаттығу мен жан-жақты әзірліктің арқасында жүлдегерлер қатарынан көріндім. Мұнымен шектелмейміз. Келесі жолы бұдан да жақсы дайындықпен барып, жүлдемен оралуға тырысамын. Қазір жиырма жастамын, сол себепті болашағым алда деп ойлаймын.

— Иордания астанасы Амман қаласында өткен сары құрлық додасында 53 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекедегі қарсыласың, моңғолиялық Отгонтуя Чинболдтан бұдан бұрын үш рет жеңіліп қалған екенсің. Есені қайтарудың қалай сәті түсті?

— Иә, моңғол балуанымен 2024 жылдың басында Түркияда өткен турнирде кездескен едім. Өткен жылы сондай-ақ 23 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында жартылай финалда 6:8 есебімен есе жіберіп едім. Сосын әлем чемпионатында қола жүлде үшін белдесуде де жеңе алмап едім. Осы жолы қалайда ұтамын деп бекініп шықтым. Бұл жерде бапкерімнің де үлесі мол. Өйткені ол кісі бұл жолы мүлде басқаша күресу керектігін қадап айтты. Үзіліс арасында да дұрыс бағыт бере білді. Міне, соның арқасында азулы қарсыласымды 10:6 есебімен тізе бүктірдім.

— Азия біріншілігінен кейін 23 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан чемпионы атанып келдің. Қазақ еліндегі бәсекелестік қандай? Негізгі қарсыластарың кімдер?

— 23 жасқа дейінгі Қазақстан біріншілігінде айтарлықтай қарсыластар болмады десем, артық айтқандық емес. Оның үстіне Азия чемпионатынан кейін өзіме деген нық сеніммен бардым.

Арманым — олимп шыңын бағындыру — Зейнеп Баянова
Фото: Зейнеп Баянованың жеке мұрағатынан

— Биыл қандай жарыстар бар?

— Бұйырса, алдағы мамыр айында ересектер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді, сонда бақ сынаймын. Сонымен қатар 23 жасқа дейінгілер арасында Азия және әлем чемпионаты болады. Сол жарыстарда ел намысын абыроймен қорғасам деймін.

— Қазір қайда оқып жүрсің? Бос уақытта немен айналысасың, хоббиің қандай?

— Мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 2024 жылғы түлегімін. Қазіргі таңда магистратураға тапсырып көру ойда бар. Шыны керек, бос уақыт бола бермейді. Көбіне жаттығуда боламын. Егер қолым босай қалса, отбасыма, жақындарыма уақыт бөлуге тырысамын. Кино қарап, серуендегенді жаным ұнатады.

Арманым — олимп шыңын бағындыру — Зейнеп Баянова
Фото: Зейнеп Баянованың жеке мұрағатынан

— Соңғы сауал, алдағы арман-мақсаттарың қандай?

— Әрине, басты арманым — олимпиада шыңын бағындыру. Оған күштінің күштісі ғана жететінін түсінемін. Уақыт та көп қалған жоқ. Сондықтан бапкеріммен бірге нақты қадам жасап, мықты жоспар құру үстіндеміз.

— ⁠Әңгімеңе рахмет, Зейнеп! Арманыңа жетуіңе тілектеспін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында Зейнеп Баянованың әйелдер құрамасына алғашқы медальді алып бергенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар