Армения ЕАЭО-ның жасанды интеллект бойынша бірлескен бастамаларын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM – Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян Астанада өтіп жатқан V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеп, ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы бірлескен құжат қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

м
Фото: Ақорда

М.Григорян Қазақстанның төрағалығы кезеңіндегі күн тәртібі мазмұнды болғанын әрі цифрлық трансформацияның практикалық мәселелеріне бағытталғанын атап өтті.

– Бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі – жасанды интеллект екені заңды. Терең технологиялық трансформация кезеңі басталып жатыр. Мұнда ЖИ саласындағы жаһандық бәсеке тиімділік пен өнімділікті арттыру мәселесі ғана емес, мемлекеттердің экономикалық және технологиялық егемендігінің де маңызды факторы болып отыр, – деді Армения өкілі елордада Тәуелсіздік сарайында өткен отырыста.

Оның айтуынша, Армения ЕАЭО елдеріндегі ЖИ технологияларын дамыту жолындағы маңызды қадам ретінде Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауын қолдайды.

– Бұл құжат технологиялардың этикасы, қауіпсіздігі және ашықтығы бойынша ортақ қағидаттарды бекітіп, ынтымақтастығымызды азаматтарымыз бен экономикаларымыздың нақты қажеттіліктеріне бағыттайды. ЖИ-ді дамытудағы жауапты әрі инновациялық тәсіл елдерімізге тұрақты, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті болашақ қалыптастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Армения осы бағыттағы барлық бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін мазмұнды диалог пен ортақ практикалық жұмысқа дайын, – деді вице-премьер.

Өз сөзінде М.Григорян ЖИ-ді дамыту үшін тұрақты білім беру, инфрақұрылымдық және институционалдық негіз қалыптастырудың маңызын атап өтті.

– Заманауи тілдік модельдер мен ЖИ жүйелерін дамыту жоғары өнімді есептеу қуаттарына қолжетімділікпен тікелей байланысты. Осыған байланысты деректерді өңдеу инфрақұрылымы мен бұлтты шешімдерді дамыту – Арменияның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі, – деді Мгер Григорян.

Айта кетейік, ЕАЭО елдері жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.