Арменияда Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммиті өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның астанасында Еуропалық саяси қоғамдастықтың сегізінші саммиті басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің ЕО-дағы меншікті тілшісі.

Арменияда Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммиті өтіп жатыр
Фото: consilium.europa.eu

Іс-шара екі күнге жоспарланған — жексенбі, 3 мамыр және дүйсенбі, 4 мамыр. Оған Еуропаның шамамен 48 елінің көшбасшылары мен ЕО серіктестері қатысып жатыр. Сондай-ақ алғаш рет Канада премьер-министрі де қосылды. Бұл платформаның Еуропадан тыс кеңейіп жатқанын көрсетеді.

Жиында Антониу Кошта, Урсула фон дер Ляйен, Роберта Метсола, Кир Стармер, Владимир Зеленский, Марк Рютте және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар бой көрсетті.

Еуропалық саяси қоғамдастықтың сегізінші саммитінің ұраны — Building the Future: Unity and Stability in Europe («Болашақты құрамыз: Еуропадағы бірлік пен тұрақтылық»).

Еревандағы жиында құрлық көшбасшылары демократиялық тұрақтылықты нығайту, энергетикалық және экономикалық қауіпсіздік, гибридті қауіптерге қарсы тұру, байланыстар және аймақтық тұрақтылық мәселелерін талқылайды деп жоспарланған.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванда мұндай іс-шараның өтуі елдің еуропалық кеңістікке интеграциясы мен демократиялық құндылықтарға бейілділігін көрсететін маңызды қадам екенін атап өтті.

Еуропалық саяси қоғамдастық 2022 жылы ЕО институттарынан тыс еуропалық көшбасшылар арасындағы бейресми диалог алаңы ретінде құрылған. Сарапшылардың пікірінше, ол қолданыстағы құрылымдарды алмастырмайды, керісінше толықтырады және ортақ сын-қатерлерді тең деңгейде талқылауға мүмкіндік береді.

Осыған дейін Никол Пашинян Әзербайжанмен ілгерілеуді тарихи кезең деп атағаны туралы жаздық.