Арменияда саяси қайраткер мемлекетке сатқындық бабымен күдікке ілінді

АСТАНА. KAZINFORM – Арменияның Тергеу комитеті «Мать Армения» партиясының жетекшісі Андраник Теванянға қатысты мемлекетке сатқындық және тыңшылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп жазды Аrmenpress.

Андраник Теванян
Фото: Аrmenpress

Ведомствоның хабарлауынша, іс Армения Ұлттық қауіпсіздік қызметінен келіп түскен материалдар негізінде қозғалған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Андраник Теванян 2021 жылғы парламент сайлауында «Армения» блогын қолдаған саяси қайраткер әрі сол блоктың тізімі бойынша парламент депутаты болған.

Армения Тергеу комитетінің мәліметінше, ол 2024 жылы шетелдік арнайы қызметтер тарапынан тартылған.

– Тергеу дерегіне сәйкес, Теванян шетелдік арнайы қызмет өкілінің тапсырмасымен тыңшылықпен айналысып, мемлекеттік құпияны қамтитын мәліметтерді заңсыз жинап, оларды орыс тіліне аударып, 622 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы үшін тапсырған, – делінген хабарламада.

Айтылған мәліметтер 2024 жылдың сәуір айында Армения Ұлттық жиналысында өткен жабық құпия отырыстың барысы мен қорытындысына қатысты болған.

Тергеу комитеті бұл әрекеттерді Арменияның егемендігіне, аумақтық тұтастығына және сыртқы қауіпсіздігіне нұқсан келтірген мемлекеттік сатқындық деп бағалап отыр.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс Армения Қылмыстық кодексінің 418-бабының 1-бөлігі (мемлекетке сатқындық) және 424-бабының 1-бөлігі (тыңшылық) бойынша тергеліп жатыр.

Айта кетейік, Армения заңнамасына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін айыпталушы кінәсіз деп есептеледі.

Бұған дейін хабарланғандай, Армения көршілес елдермен шекараны делимитациялауды аяқтауды жоспарлап отыр.