Арменияда жасанды интеллект фабрикасы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Арменияның Раздан қаласында жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған ірі есептеу инфрақұрылымы орталығы – Firebird компаниясының ЖИ фабрикасы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды өңірдегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Armenpress-ке сілтеме жасап.
Раздан қаласы қауымдастығы басшысы Севак Микаелянның айтуынша, ауқымды инвестициялық бағдарламаның бірінші кезеңі іске қосылған. Жасанды интеллект фабрикасын құру қаланың экономикалық дамуына, инвестициялар тартуға және жұмыс орындарын құруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
– Енді Раздан инновация мен жоғары технология орталығы ретінде жаһандық технологиялық картада болады, - деді қауымдастық басшысы.
Firebird компаниясының мәліметі бойынша, жобаның бастапқы алаңында шамамен 15 МВт қуаттылығы бар 6144 NVIDIA B200 графикалық процессоры орналасады. Компания кешеннің есептеу қуатын біртіндеп кеңейтуді жоспарлап отыр.
Firebird Армениядағы нысанды жаһандық жасанды интеллект инфрақұрылымы платформасының негізі ретінде қарастырады. Оны басқа дамушы нарықтарға кеңейтуді жоспарлап отыр. NVIDIA, Dell Technologies және басқа да технологиялық серіктестер жобаға қатысып жатыр.
Armenpress ақпараты бойынша, жасанды интеллект зауытының жалпы инвестициялық құны 5 миллиард долларға бағаланады. Раздандағы жоба жеке деректер орталығының құрылысынан асып түседі және жасанды интеллектті дамытуға бағытталған ірі есептеу кластерін құруды көздейді.
Бұған дейін Қазақстан Firebird халықаралық AI -инфрақұрылым желісіне кіргені хабарланған болатын.
Firebird халықаралық кеңейту ісін жалғастыруды және 2028 жылдың соңына қарай өзінің жаһандық AI-инфрақұрылымының жиынтық қуатын Арменияда, Қазақстанда және басқа елдерде 2 ГВт-қа дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Компания сонымен қатар NVIDIA-ның Firebird-ке инвестиция салу жоспарлары туралы хабарлады. Бұрын компанияның инвесторы CoreWeave болды. Firebird мәлімдемесіне сәйкес, тартылған қаражат жаһандық AI-инфрақұрылымын жедел дамытуға бағытталатын болады.
Мектеп пәндерінің мазмұны жасанды интеллект бағытында жаңартылып жатқанын жазған едік.