Армениядан әкелінген жыртқыштар хайуанаттар бағына орналастырылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды зообағын үш жолақты гиена мен екі гиенатектес ит толықтырды. Барлық жануар жас, қазіргі уақытта жаңа жағдайға бейімделу сатысын өтіп жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жолақты гиеналар 2008 жылдан бері Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Бұл — Африкадан тыс жерлерде кездесетін гиеналардың жалғыз түрі. Қарағанды зоологиялық бағының коллекциясында жолақты гиеналар алғаш рет пайда болып отыр.
Қазір мұнда жолақты гиенаның екі ұрғашы мен бір аталығы, сондай-ақ гиенатектес иттердің бір аталығы мен бір ұрғашы түрі бар. Жануарлар Қарағандыға Ереваннан алмасу бағдарламасы аясында жеткізілді. Бұған дейін Қарағанды зообағы Армения астанасына жас жыртқыштарды жолдаған.

Зообақ директоры Гүлнар Адамбекованың айтуынша, жануарларды беру жөніндегі келіссөздер шамамен бір жыл жүргізілген.
— Бізге жолақты гиеналар мен гиенатектес иттерді беру туралы келіссөздер шамамен бір жылға созылды. Осы уақыт ішінде біз олар үшін кең вольер дайындап, күтім жасауға қатысты барлық қажетті ақпаратты зерделедік. Жалпы алғанда, оларды күту күрделі емес, азық рационы да экзотикалық емес. Олар ет, тауық еті, тірі жем жейді. Біз өз жыртқыштарымызды да осындай азықпен қоректендіреміз, — деді Гүлнар Адамбекова.
Жануарлар Ереваннан Қарағандыға ұшақпен жеткізілді. Ауа температурасының төмен болуына байланысты жерүсті тасымалынан бас тартылды, өйткені гиеналар мен гиенатектес иттер жылусүйгіш.

Қазіргі уақытта жануарлар карантинде. Оларға тәулік бойы бақылау жүргізілуде. Соған қарамастан, келушілер жаңа тұрғындарды көре алады. Алайда күндіз олар көбіне ұйықтайды, себебі табиғатына сай гиеналар мен гиенатектес иттер түнгі уақытта белсенді.
Көктемге дейін жыртқыштар жылытылатын ғимаратта болады. Жылы кезең басталғанда оларды қасқырлардың жанындағы ашық вольерге көшіру жоспарланып отыр. Онда жануарларға кең әрі жайлы жағдай жасалады.

Директордың айтуынша, зообақ жаңа тұрғындар толық бейімделіп, болашақта ұрпақ әкеледі деп үміттенеді.
— Барлық жануар жас, дені сау және өте белсенді. Тәбеттері жақсы. Айта кету керек, қалыптасқан стереотиптерге қарамастан, гиеналар өте мейірімді әрі ақылды. Интеллект жағынан олар приматтарға жақын. Гиеналар адамдарды есте сақтап, ажырата алады. Қазір олар өздеріне күтім жасайтын киперлерге белсенді түрде үйреніп жатыр, — деп атап өтті Гүлнар Адамбекова.
Жыртқыштар мен тұяқты жануарлар дәстүрлі түрде қарағандылықтар арасында ерекше танымал. Биыл зообақ коллекцияны кеңейтіп, жаңа түр өкілдерін алуды жоспарлап отыр. Алайда қандай жануарлар келетінін әкімшілік әзірге құпия ұстап отыр.
Айта кетелік биыл Қазақстанға Ресейден 3-4 Амур жолбарысы жеткізіледі.