Арменияның Армавир облысында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның Армавир облысында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Армениядағы елшісі Болат Иманбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі аппаратының басшысы Амангелді Саинов, облыстық әкімдік пен Арменияның сыртқы саяси ведомствосының өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасының Армавир облысындағы Құрметті консулы болып Гарник Казарян тағайындалды. Консулдықтың негізгі міндеттері — Армения аумағында жүрген Қазақстан азаматтарына консулдық-құқықтық және заңгерлік көмек көрсету, кәсіпкерлік қызмет саласында ақпарат беру, сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және экономикалық байланыстардың дамуына жәрдемдесу.
Қазақстанның Армениядағы елшісі Болат Иманбаевтың айтуынша, Армавир облысында ҚР Құрметті консулдығының ашылуы екі елдің өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге деген ортақ ұмтылысын көрсетеді.
— Құрметті Гарник Манвелович, сізге жоғары әрі жауапты миссия жүктеліп отыр. Сіздің қызметіңіз екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетуге, сондай-ақ консулдық округ аумағындағы Қазақстан Республикасы азаматтарына тиімді қолдау көрсетуге бағытталады деп сенеміз. Құрметті консулдықтың жұмысы қазақ-армян ынтымақтастығын практикалық мазмұнмен толықтыруға, өзара сенімді нығайтуға және мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етеді деп кәміл сенеміз, — деді Қазақстан елшісі Болат Иманбаев ашылу рәсімінде.
Бұған дейін Қазақстанның Армениямен әуе қатынасын кеңейтіп жатқаны хабарланған болатын.