Арнайы экономикалық аймақтар бөлінісіндегі басым қызмет түрлерінің тізбесі бекітіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде Арнайы экономикалық аймақтар бөлінісіндегі басым қызмет түрлерінің тізбесі бекітілмек. Осыған қатысты Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрық жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.
Ведомствоның атап өтуінше, құжат жобасы процестік нормалар мен қызмет түрлерінің тізбесін бөлуге мүмкіндік беретін Арнайы экономикалық аймақтар бөлінісіндегі басым қызмет түрлерінің дербес тізбесін бекіту мақсатында әзірленді.
— Бұйрықты қабылдаудың күтілетін нәтижесі инвесторлар мен уәкілетті органдарға құқықтық белгісіздік тәуекелін барынша азайта отырып, АЭА-ның арнайы құқықтық режимін қолдануға мүмкіндік беретін оқшауланған, өзекті әрі құрылымдалған нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру болмақ, — деп нақтылайды министрліктен.
Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің АЭА-ны дамытудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, басқару тетіктерін жетілдіруге, аймақтардың мамандануын күшейтуге және жобаларды іріктеу сапасын жақсартуға бағытталған жаңа тәсілдерін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жазған едік.