Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы инфрақұрылымға 70 млрд теңге жұмсалады

құрылыс
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар алаңдарында жетіспейтін инфрақұрылымды салуға 2024 жылғы бюджеттен 70 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлім етті.

«Қазіргі кезде инвестицияларды тарту арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмыс істеуінің негізгі мақсаты саналады. 14 АЭА аумағында жалпы 7,5 трлн теңгеден астам сомаға 354 жоба іске асырылып, 25,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Өнім өндіру көлемі 8,4 трлн теңгегеге жетіп, оның ішінде 601 млрд теңгенің өнімі экспортталды. Барлық АЭА-лар бюджетке 437 млрд теңге төледі», - деді Қ. Шарлапаев Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, 43 индустриялық аймақта жалпы сомасы 554 млрд теңгеден асатын 240 жоба іске асырылып, 14 мың жұмыс орны ашылды.

Өнім өндіру көлемі 2,7 трлн теңгені құрады, оның ішінде 196 млрд теңгеге жуық өнім экспортталды. Барлық 43 аймақтың мүшесі бюджетке 116 млрд теңге төледі.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау аясында АЭА қызметін реформалау бойынша жаңа шаралар қабылданды. АЭА және индустриялық аймақтар алаңдарында жетіспейтін инфрақұрылымды салуға биылға арналған бюджеттен 70 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар