Арнайы құрылған топ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатынан металл өнімдерінің ұрлануын тексереді

ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Теміртауда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ аумағынан металл өнімдерінің ірі партиясын ұрлауды ұйымдастырған екі күдікті ұсталды. Бұл жөнінде сейсенбі күні өткен брифингте Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Роза Ібілдаева хабарлады.

Арнайы құрылған топ «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатынан металл өнімдерінің ұрлануын тексереді

Бұған дейін хабарланғанындай, шұғыл-іздеу іс-шараларын жүргізу кезінде Теміртау қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерінен құралған арнайы топ қыркүйектің 16-сында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатынан ұрланған 25 тонна шығыршық кесінділері тиелген екі «КамАЗ» автокөлігін тоқтатады.

«Жүргізушілер тергеуге белсенді көмек көрсетті. Қазіргі уақытта олар іске куәгер ретінде тартылуда. Қылмысты ұйымдастырған күдіктілер - Теміртаудың екі тұрғыны, 35 жастағы ағайынды екеу ұсталды», - деді журналистерге Ібілдаева.

Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстқ кодексінің 175-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.