«АрселорМиттал Теміртау» компаниясында қысқартулар болмайды - Еңбек министрі
Министр қала құраушы кәсіпорындағы жағдайға қатысты пікірін Қарағанды облысының әкімдігінде өнеркәсіпті жаңғыртуға байланысты еңбек нарығында туындауы мүмкін өзгерістер бойынша өткен кеңесте білдірді.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бойынша ешқандай қысқартулар болмайды, - деп келтіреді әкімдіктің бапасөз қызметі Тамара Дүйсенованың сөзін. - Бір ғана мәселе, 2050 жылға дейін компанияда 6 мың жұмысшы зейнеттік жасқа толады екен. Бұл мәселені бүгін талқыладық. «АрселорМиттал Теміртау» өздеріне кадр даярлау үшін Қарағанды, Балқаш және Қаражалдағы үш колледжді өз басшылығына алуды ұсынды. Компания колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 60 миллион теңге инвестициялауға дайын. Ал «Қазақмыста» 1 мың адам қысқартылуы мүмкін. Бұлардың көпшілігі әкімшілік-басқару мамандары. Оларды жұмыстан босату кезең-кезеңімен жүргізіледі», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Екі компания да желтоқсанның ортасына дейін Жол картасының соңғы нұсқасын өңірлік штабқа ұсынуы тиіс. Министр Мемлекет басшысының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Оның құрамына министрліктердің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірген.