Арсен Томский Қазақстанға цифрлық тәуелсіздік жайын ойлануға кеңес берді

АСТАНА. KAZINFORM — ІТ компанияның монополияның жоғары деңгейіне жетуі отарлаудың жаңа түріне айналуы мүмкін

inDrive халықаралық сервисінің негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский
Фото: Үкімет

Бұл туралы Taldau Talks подкастында inDrive халықаралық сервисінің негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский айтты.

— 2023 жылға дейін АҚШ-та 4 жыл тұрдым. Ал Қазақстанда цифрландыру жағынан барлығы әлдеқайда жақсы. Мәселен, ол жақта қандай да бір құжат алу үшін күні бойы жүруіңе, күтуіңе тура келеді. Ал бұл жерде бәрі қарапайым, өте керемет. Цифрландыру деңгейін 10-нан 9,5 балл деп бағалар едім, — деді ол.

Осы орайда ол Қазақстанға цифрлық тәуелсіздік жайында ойлануға кеңес берді.

— Өйткені көптеген шетелдік ІТ-компания қарқынды жұмыс істей бастайды. Ал ІТ — бір компания бүкіл халық өзінің сервисін пайдаланатындай деңгейге жетуге қауқарлы сала. Олар сол арқылы адамдардың санасына күшті әсер ете алады. Немесе олар монополияның жоғары деңгейіне жеткен кезде тым жоғары сома қоюы мүмкін. Бұл отарлаудың жаңа түріне айналу ықтимал. Өйткені, компания қандай да бір салада монополияға айналған кезде өте жоғары комиссия ала бастайды, кейде ол соманың 57 пайызына дейін жетеді. Мәселен, Uber қауырт мезгілде бағаны әлдеқайда жоғары қояды да сол соманың 90 пайызға жуығын өзіне қалдырады. Бұл сома ұлттық экономикадан сыртқа кетіп жатыр. Бұл өте қауіпті. Сондықтан асыра сілтеу болмауы үшін лимит белгілеу қажет. Мұнан бөлек, өз компанияларыңа белсенді қолдау көрсеткен жөн, — деді Арсен Томский.

Осы подкастқа қатысқан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстан транзакциялардың 90 пайызы қолма-қол ақшасыз жүргізілетін CASHLESS-экономика ретінде мойындалғанын айтқан еді.

Айта кетейік, Taldau Talks — Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізетін ашық диалог алаңы. Онда ел дамуына қатысты маңызды мәселелер және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жолдары талқыланады. Бұл жолғы шығарылым Қазақстанда цифрландыру және жасанды интелектіні дамыту тақырыбына арналды.

Соңғы жаңалықтар