«Арсенал» – «Қайрат» кездесуін Лондонда қазақстандық қанша жанкүйер тамашалайды

АСТАНА. KAZINFORM – UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің сегізінші турындағы «Арсенал» (Англия) - «Қайрат» (Қазақстан) кездесуін Лондондағы «Эмирэйтс» стадионында қазақстандық қанша жанкүйер тамашалайтыны белгілі болды.

«Қайрат» футбол клубы
Фото: «Қайрат» футбол клубы

Кездесу 28 қаңтардан 29-ына қараған түні сағат 1:00-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Қайраттың» жанкүйерлер секторына екі мың билет бөлінген. Сатуға шыққаннан кейін бір сағаттай уақыт өткенде ол түгелдей өтіп кеткен.

Айта кетсек, 60 мыңнан астам жанкүйерге арналған «Эмирэйтс» стадионының пайдалануға берілгеніне биыл жиырма жыл толады. Онда «Арсенал» өз алаңындағы ойындарын өткізеді. 
Жарақатына байланысты қорғаушылар Уильям Салиба мен Юрриен Тимбердің алдағы кездесуге қатысудан тыс қалып отыр. Олардың орнын қосалқы құрамнан жас футболшылар басуы ықтимал.

Кездесу барысында швейцариялық Урс Шнидер бас төреші міндетін атқарады. Оған отандастары Марко Цюрхер мен Беньямин Цюрхер көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Свен Вольфенсбергер.

Сондай-ақ бүгін жанкүйерлер Микель Мерино мен Деклан Райстың ойынын тамашалай алмайды. Олар негізгі кезеңдегі жеті кездесуде үш мәрте сары қағаз алып үлгерген еді. 

Ал «Қайрат» сапынан Дастан Сәтпаев пен Азамат Тұяқбаев жарақатына байланысты командамен Лондонға келген жоқ.

Осыған дейін негізгі кезеңде «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесііне» 1:4 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.

Соңғы жаңалықтар