Аршалыдағы түзету мекемесіне 17 грамм есірткі өткізу әрекеті әшкереленді
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданы аумағындағы ЕЦ-166/5 түзету мекемесіне есірткі затын алып өту әрекеті әшкереленіп, салмағы 17 грамм көкнәр тәркіленді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түзету мекемесі мен өңірлік ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бірлесіп іске асырған жедел алдын алу іс-шарасы барысында кездесу бөлмесінде жазасын өтеушіге берілуге тиісті аяқ киімнен ақ түсті ұнтақ салынған 15 целофан орам көзге шалынады. Сараптау барысында оның салмағы 17 грамм мөлшеріндегі героин екені белгілі болды. Қолға түскен күдікті азаматшаның айтуынша, сәлемдемені Аршалы кентінде жергілікті таксопарк диспетчері берген көрінеді. Өз кезегінде диспетчер оны Павлодар-Астана бағытындағы пойыздың жолсерігінен алған. Қазір осы әрекеттер бойынша тергеу амалдары жалғастырылуда.
Бұған дейін ішкі істер қызметкерлері Степногор қаласында 26 жасар жергілікті тұрғынның есірткі саудасымен айналысатындығын анықтап, құрықтаған болатын. Ал облыс орталығында 50 грамм есірткі затын саудалау кезінде 1981 жылғы азамат қолға түскен.