Артта қалған өңірлерді республикалық бюджеттен қаржыландыруға басымдық беріледі — Бозымбаев

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет өңірлерді орнықты және теңгерімді дамыту мақсатында өңірлік дамуының 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

Бозымбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Тұжырымдама туралы толығырақ Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтып берді. 

— Тұжырымдама халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және макроөңірлер мен өсу нүктелері негізінде өңірлердің экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Әлеуметтік, инженерлік және көлік объектілеріне қол жеткізудегі диспропорцияларды жоюға ерекше назар аударылады. Артта қалған өңірлерге өңірлік стандарттар жүйесі негізінде республикалық бюджеттен қаржыландыруға басымдық беріледі, — деді Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары моноқалаларды дамытудың жаңа шарасы әзірленгенін айтты. 

— Оның ішінде ірі кәсіпорындар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында ұзақ мерзімді шарт және офтейк-келісімшарт жасасу, индустриялық аймақ құру, елішілік құндылық бағдарламасын енгізу, шағын және орта бизнесті дамыту тағы сол сияқты. Сонымен қатар Үкімет Алатау қаласын қалыптастыру және дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінде Алатау қаласының бас жоспары бекітілді, арнайы экономикалық аймақ және қаланы дамыту жөніндегі жобалау кеңсесі құрылды. Қазір коммуникацияның техникалық жобасы әзірленіп жатыр, — дейді ол.

Одан әрі Қанат Бозымбаев ауылды дамытуды сөз етті. 

— Ауылды дамытуға бағытталған барлық мемлекеттік шара, оның ішінде «Ауыл аманаты» және «Ауыл — ел бесігі» жобасын ілеспе іске асыру қамтамасыз етіледі. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 50 млрд теңге бөлінді, бұдан басқа 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде шамамен 450 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Аталған шығын шеңберінде 25 мыңға жуық жоба қаржыландырып, 100 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Өңірлік даму жөніндегі жұмысты үйлестіру Үкімет жанындағы жобалау кеңсесі шеңберінде жүзеге асырылады, — деп толықтырды вице-премьер.

Бұған дейін өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес көрсеткіштері жоғары немесе төмен өңірлерге шолу жасаған едік. 

Соңғы жаңалықтар