Артур Ластаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болып бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының Жарлығымен Артур Ластаев Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.

Омбудсмен Артур Ластаев
Фото: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі

Артур Ермекұлы еңбек жолын Алматы қаласы прокуратурасында бастаған. 2006-2008 жылдары Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі, 2008-2010 жылдары Алматы қаласы прокуратурасы басқармасының аға көмекшісі және прокуроры қызметтерін атқарды.

2010-2016 жылдары ҚР Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінде аға прокурор, кейін бөлім бастығы болды.

2016-2018 жылдары Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінде Бас прокуратураның ресми өкілі әрі миссия кеңесшісі қызметін атқарды. 2018-2022 жылдары Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінде Бас прокуратураның ресми өкілі әрі кеңесші болды.

2022-2023 жылдары ҚР Бас прокуратурасының халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметін басқарды.

2023 жылдан бері Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келеді.

Артур Ластаев 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007 жылы осы университетте «Экономика және құқық негіздері» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

2015 жылы АҚШ-тағы Виргин университетінде қылмыстық әділет төрелігі бойынша магистрлік бағдарламадан өтіп, сертификат алған. Сол жылы АҚШ Федералдық тергеу бюросының Ұлттық академиясында арнайы дайындықтан өткен.

2018 жылы Женева университетінде «Қарулы қақтығыстардағы халықаралық құқық» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

II дәрежелі «Айбын» орденімен және «Прокуратура үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратураның Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарына ие.

Айта кетейік, Ермек Сағымбаев ҰҚК төрағасы лауазымына қайта тағайындалды.