Арыс қаласында 104 178 тонна бақша өнімі жиналды

Сыр ана мен Арыс өзенін тел емген Арыс қаласының диқандары өздерінің бақша өнімдерін (қауын- қарбыз) облыс орталығы Шымкент қаласы мен еліміздің Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе қалаларын қамтыды. Қазіргі таңда бақша өнімдерінің экспорты Еуроодақ елдеріне шығарыла бастады. Мысалы, «Аққала» кооперативінің қауындары Германия, Балтық елдеріне, Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласына, Новосібір, Пенза, Самара облыстарына жөнелтілуде. Жылдағы өніммен салыстырғанда өнімді молынан алған арыстық диқандар ала жаздай еткен еңбектерінің ақталғанына қуанышты.
Сонымен қатар, Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылдық округінде алма теру науқаны қызу жүріп жатыр. «Агрофирма жаңа Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 170 гектар жеріне голландиялық және «семерянка» алма ағаштарының 2 сорты егілген болатын. Әр түп алма ағашынан 1 жылдың өзінде 40-45 алма алынады, деп жоспарланған.
Аталған алма бауында 50-ден астам жергілікті тұрғын еңбек етуде. Оңтүстік өңірінің алма бағын егуге қолайлы болуына орай бағбандық шаруашылықты қолға алған арыстық шаруалар алдағы жылдары алма бағының көлемін ұлғайтып, Арыс алмасын еліміз бен алыс-жақын шетелдерге шығарып, танымал брендке айналдыруды көздеп отыр.